Бүкіләлемдік бүйрек күні: қарағандылықтар тегін кеңес пен тексеруден өте алады

Бүкіләлемдік бүйрек күні: қарағандылықтар тегін кеңес пен тексеруден өте алады

12 наурыз — Бүкіләлемдік бүйрек күніне орай Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының Консультативтік-диагностикалық орталығында ашық есік күні ұйымдастырылады. Тұрғындарды сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін қабылдайды.

Іс-шара аясында қарағандылықтар жолдамасыз-ақ бірқатар бейінді мамандардың кеңесін ала алады. Атап айтқанда, нефролог, эндокринолог, уролог, проктолог және терапевт дәрігерлер қабылдау жүргізеді. Сонымен қатар келушілерге бүйрек пен қуыққа ультрадыбыстық зерттеу жасалады. Бұдан бөлек, Офтальмологиялық орталықтың мамандары пациенттерге оптикалық когеренттік томография (ОКТ) өткізеді.

Сондай-ақ бұл күні:

- қандағы глюкоза деңгейін анықтауға;

- жалпы зәр талдауын тапсыруға;

- артериялық қысымды өлшеп, автоматты тонометрлерді қолдану арқылы оны дұрыс өлшеу тәсілін үйренуге;

- бүйрек ауруларының алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау жөнінде кәсіби ұсынымдар алуға мүмкіндік бар.

Қатысудың негізгі шарты — «сақтандырылған» мәртебесінің болуы.

Қабылдауға жазылу ҚОКА Консультативтік-диагностикалық орталығының кол-орталығы арқылы жүргізіледі: 94-04-77, 8-778-003-71-47.

Мекенжайы: Қарағанды қаласы, С. Сейфуллин даңғылы, 7.

Ашық есік күні тұрғындардың бүйрек аурулары туралы ақпараттылығын арттыруға және дер кезінде диагностикадан өтудің маңызын түсіндіруге бағытталған.