Қарағандылық жас оқырмандар 8 наурызға арналған ерекше сыйлықты өз қолымен жасай алады

Қарағандылық жас оқырмандар 8 наурызға арналған ерекше сыйлықты өз қолымен жасай алады

Үлкенді-кішілі сөмкелер, былғары мен тоқыма үлгілер, ридикюльдер мен рюкзактар — әрқайсысының артында өз дәуірі мен өзіндік тарихы жатыр. Бұл аксессуардың уақыт ағымымен қалай өзгергені және қазіргі сән әлеміндегі орны туралы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында кеңінен әңгімеленеді. 5 наурыз күні сағат 11:30-да мұнда Халықаралық әйелдер күніне орай «Сөмкелер әлемі: стиль және шабыт» атты интерактивті көрме-шеберхана өтеді.

Іс-шара барысында балалар сөмкенің даму жолына тарихи саяхат жасайды — ежелгі дәуірдегі қарапайым дорбалардан бастап XXI ғасырдың сәнді әрі функционалды модельдеріне дейінгі кезең қамтылады. Қатысушылар пішіндер мен материалдардың эволюциясын, сөмкенің әйелдер гардеробындағы маңызды аксессуарға қалай айналғанын біледі. Сонымен қатар қолайлылық пен талғампаздық ұғымын жаңаша деңгейге көтерген Коко Шанельдің сән индустриясындағы ықпалы да сөз болады. Ұлттық нақыштағы, дәстүрлі ою-өрнектер мен қолөнер элементтері қолданылған аксессуарларға да айрықша назар аударылады.

Кездесу шығармашылық шеберлік сабағымен түйінделеді. Қатысушылар фетр материалынан сөмке дайындап, оның пішіні мен түсін, безендіру тәсілін өз қалауынша таңдай алады. Осылайша әр бала авторлық бұйым жасап, оны 8 наурыз мерекесінде анасына немесе әжесіне тарту ете алады.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, шеберхана форматы балалардың сән тарихына қызығушылығын арттырып қана қоймай, шығармашылық ойлауын дамытып, қол еңбегіне баулиды.