
Он үш жастағы қарағандылық Тимофей Муравьёв елдегі ең мықты дрон ұшқыштарының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Астанада өткен екі ірі чемпионатта ол бірден төрт алтын медаль иеленді.
Елордада алғаш болып Astana IT University ұйымдастырған AITU KazRoboDrone 3.0 халықаралық дронрейсинг және авиамодельдеу байқауының финалы өтті. Жарысқа 125 үздік ұшқыш қатысты. Жалпы Қазақстанның түрлі өңірлерінен жиналған жеті жастағы мектеп оқушыларынан бастап студенттерге дейін 1295 өтінім берілген.
Қатысушылар екі бағыт бойынша сынға түсті: дронрейсинг (симулятор және mini-FPV) және F1N авиамодельдеуі (7–12 жас). Дрон-рейсингте ұшқыштар Junior, Senior және Open атты үш жас санатында өнер көрсетті.

Қарағанды атынан NSP KazGeoScan командасының екі мүшесі – Тимофей Муравьёв пен Глеб Кайбазаков қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Тимофей өз жас санатында «дрон-рейсинг-симулятор» және шағын дрондармен өтетін miniwhoop жарысында бірінші орын алды. Ал Глеб Кайбазаков miniwhoop санатында үшінші орын иеленді.
– Жарыс өте тартысты өтті. Қарсыластарымыз – Астана мен Оралдан келген мықты ұшқыштар, олармен турнирлерде үнемі кездесіп жүреміз. Олардың дрондары үнемі жаңартылып отырады. Біз болса ескі дрондарды жөндеп қолданамыз. Осы жарыста да үнемі бірдеңе сынып жатты. Соған қарамастан, бәрін еңсеріп, жоғары нәтиже көрсеттік, – деді чемпионның әкесі Сергей Муравьёв.

AITU KazRoboDrone 3.0 турнирінен кейін елордада тағы бір ірі жарыс – Kazakhstan Drone Championship өтті. Бұл – Қазақстанның солтүстік өңірлері арасындағы іріктеудің аймақтық кезеңі. Жеңімпаздар ел намысын FAI әлем чемпионатында және MultiGP халықаралық жарыстарында қорғау құқығына ие болады.

Бұл жарыста да қарағандылықтар лайықты өнер көрсетті. Тимофей Муравьёв бес дюймдік дрондар жарысында және микродрондар класында тағы екі алтын медаль жеңіп алды.
Сергей Муравьёв аталған құзіреттің ерекшелігін түсіндірді:
– Бес дюймдік дрондар – дрон-рейсингтің әлемдік стандарты. Олар бес дюймдік пропеллерлермен жабдықталған және бір секундқа жетпейтін уақытта 200 км/сағ жылдамдыққа дейін үдейді. Оларды басқару қиын, әсіресе жабық ғимаратта. Жарыс тор тартылған залда өтті. Ашық алаңда қателік жіберсең, трассаға қайта оралуға болады. Мұнда ондай мүмкіндік жоқ – торға ілініп қалсаң, жарыстан шығасың. Барлық қиындықтарға қарамастан, Тима қашықтықты толық өтіп, бірінші атанды.

Қазақстанда дрон-рейсингке қызығушылық артып келеді. Жасөспірімдер заманауи әрі технологиялық бұл хоббиді көбірек таңдай бастады, ал жарыстардағы бәсеке жыл сайын күшейіп келеді.