Бұқар жырау ауданында тұратын жас қобызшы халықаралық байқауда екінші орын алды

Бұқар жырау ауданында тұратын жас қобызшы халықаралық байқауда екінші орын алды

Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінің оқушысы Аяна Күніспекова Golden Time Talent халықаралық музыкалық байқауының жүлдегері атанды. Ол прима-қобыз сыныбында үшінші жыл білім алып жүр және Гагарин атындағы мектептің 6-сыныбында оқиды.

Жасына қарамастан, Аяна айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. 11 жасынан бастап оқу үлгерімі жоғары, бірден екі мектепте үздік оқушы атанып жүр. Музыкадан бөлек, би өнерімен айналысады, мәдени іс-шараларға, байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде бірнеше рет жеңімпаз және жүлдегер атанған.

Биыл Аяна халықаралық деңгейде бағын сынап көруге шешім қабылдап, Golden Time Talent байқауына қатысты. Бұл – фестивальдер мен музыкалық жарыстарды онлайн және офлайн форматта өткізіп, ақтық сайысын Лондонда ұйымдастыратын әлемдік ірі платформалардың бірі.

Байқау бағдарламасына жас қобызшы екі шығарма дайындады. Алғашқысы – қазақтың белгілі композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Кел еркем, Алатауыңа» туындысы. Екінші нөмір ретінде италиялық композитор Джованни Бонончинидің «Rondo» шығармасы орындалды.

Аянаны байқауға прима-қобыз сыныбының оқытушысы, халықаралық байқаулардың лауреаты Шахназ Ильясова дайындады. Фортепиано партиясын концертмейстер Татьяна Сумская орындады. Дайындық жұмыстары шамамен үш айға созылған.

Байқау қорытындысы бойынша Аяна 100 мүмкін ұпайдың 81,7-сін жинап, онлайн форматта екінші орын иеленді және Лондонда өтетін офлайн кезеңге қатысуға шақырту алды. Жетістігімен оны Golden Time Talent және Global Talent Confederation жобасының президенті Инеса Била құттықтады.

– Біздің дәстүрлі қазақ аспабы мен ұлттық мәдениетіміздің шетелдік аудитория тарапынан қызығушылық тудыруы – үлкен мақтаныш. Әсіресе қазақ мәдениетінің әлемге танылып келе жатқаны маңызды. Біздің жастар өте талантты, сондықтан оларды жан-жақты қолдау қажет, – деп атап өтті тәлімгері Шахназ Ильясова.