Зымыран платформасы мен бионикалық робот: қарағандылықтар ұлттық байқауда алтын алды

Зымыран платформасы мен бионикалық робот: қарағандылықтар ұлттық байқауда алтын алды

Астанада жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша ғылыми жобалардың республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Қарағанды облысының оқушылары 10 медаль жеңіп алды, оның төртеуі – алтын.

Финалға еліміздің барлық өңірінен 623 оқушы қатысып, 10 секция бойынша 463 жоба ұсынды. Жұмыстар халықаралық стандарттарға сай бағаланды.

«Сарыарқа-Дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше, Қарағанды облысынан финалға 10 жобамен 13 оқушы қатысқан.

Алтын медальдарға Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Әнуар Әбдәрраззақ пен Ислам Қанағатов ие болды. Олар жел энергиясын пайдалану арқылы зымыранға арналған аэродинамикалық қону платформасы жобасын ұсынды.

– Жас зерттеушілер аэродинамика заңдарын, ауа ағындарының қозғалысын, жел күшінің әсерін және энергияны қайта бөлу мүмкіндіктерін зерттеп, қорытындыларын тәжірибелік модель арқылы дәлелдеді. Шешім отын шығынын азайтуға, қауіпсіз қонуды қамтамасыз етуге және экологиялық тиімділікті арттыруға бағытталған, – деді Жамбыл атындағы ММЛИ директорының орынбасары Арай Қалықова. Оның айтуынша, бұл жеңіс – бүкіл ұжымның жетістігі әрі жүйелі еңбектің және ғылымға деген қызығушылықтың нәтижесі.

Оқушылар жобаны физика пәнінің мұғалімі Айнұр Мұсабекова мен информатика пәнінің мұғалімі Жарқын Әбдікарімовтың жетекшілігімен дайындаған.

Бірінші орынды сондай-ақ ақпараттық технологиялар лицейінің 9-сынып оқушысы Иван Сон бионика қағидаттарына негізделген роботтандырылған қол жобасымен иеленді.

– Манипулятор жобасын өткен жылдың көктемінде бастаған едім, республикалық байқауға дейін нұсқасын жетілдірдім. Бионикалық роботтардың мүмкіндіктері кең, олар өнеркәсіпте де, медицинада да қолданылады. Ерекшелігі – ыңғайлы ұстауында. Жүлделі орын аламын деп үміттендім, жеңімпаз атанған сәт, әрине, ерекше толқыныс сыйлады, – дейді алтын медаль иегері.

Иван робот техникасымен бірнеше жылдан бері айналысады, бұл – оның алғашқы марапаты емес, дейді жаттықтырушысы әрі ұстазы Қайрат Исмаилов.

Математика секциясы бойынша алтын медальді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Даниал Орысхан жеңіп алды.

«Информатика» секциясында күміс медальдарға IT лицейінің оқушылары Ясмин және Айлин Сейфуллиналар ие болды. Ясмин сондай-ақ Narxoz University оқу грантын иеленді.

Қола жүлдегерлер қатарында «Дарын» ММЛИ оқушылары Нұрасыл Мереке, Риза Ахметова және Тілек Амангелді,

сондай-ақ Балқаш қаласындағы Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің оқушысы Тұмар Ерболқызы бар.

Үздік жобалар мамыр айында АҚШ-тың Финикс қаласында өтетін Regeneron ISEF 2026 халықаралық ғылыми-техникалық көрмесінде ұсынылады.