Қарағанды облысында екі мыңға жуық жас жаңа Конституция жобасын қолдады

Қарағанды облысында екі мыңға жуық жас жаңа Конституция жобасын қолдады

Қарағанды облысында өңірдің белсенді әрі ел тағдырына бейжай қарамайтын екі мыңға жуық жас тұрғынның қосқан ауқымды жастар форумы өтті. Бұл жиын ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді ашық әрі мазмұнды талқылауға арналған пікір алаңына айналды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жаңа Конституция жобасы.

Қатысушылар ұсыныстармен үстірт танысумен шектелмей, құжаттың жекелеген нормаларын жан-жақты саралады. Жастар нақты баптарды талқылап, көкейдегі сауалдарын қойып, өз көзқарастары мен пайымдарын ортаға салды. Көпшіліктің пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер әділдік, ашықтық және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтып қана қоймай, әр азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруына, әлеуетін толық ашуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жаңа мүмкіндіктер береді.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік Аналар кеңесінің төрайымы Айжан Қиясова, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Равиль Садықов, кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Ерболат Закиров сөз сөйледі. Спикерлер жеке жауапкершіліктің салмағы, берік азаматтық ұстанымның маңызы және жас буынның қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуының қажеттігі жөнінде ой қозғады. Олардың айтуынша, дәл бүгінгі жастар ел дамуының алдағы ондаған жылға арналған стратегиялық бағытын айқындайтын шешуші күш болып табылады.

— Мен жастардың өкілі ретінде Конституциямызға енгізілетін реформаны толық қолдаймын. Ұсынылып отырған түзетулер Негізгі заңды жаңғыртып, уақыт талабына сай жетілдіруге бағытталған. Мен үшін Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді әрі мүлтіксіз қорғайтынына көз жеткізу аса маңызды. Сондықтан дауыс беруге қатысуға ниеттімін, — деді Ерболат Закиров.

Форум еркін әрі серпінді атмосферада өтті. Пікірталас бөлімінен кейін қатысушыларға мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Жанды музыка, шынайы эмоция және көрермендердің белсенді қолдауы кештің шырайын кіргізіп, оның қорытындысын айрықша әсерлі етті.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, бұл форум жай ғана кездесу емес, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын, оң өзгерістердің бел ортасында болуға ұмтылған жастарды тоғыстырған маңызды диалог алаңы болды.