Қарағандылық құтқарушы гір көтеруден ел рекордын жаңартты

Қарағандылық құтқарушы гір көтеруден ел рекордын жаңартты

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Александр Комаров республикалық деңгейде тағы бір мәрте жоғары нәтижесімен көзге түсті. Қостанай қаласында өткен гір көтеруден Қазақстан чемпионатында спортшы үздік нәтиже көрсетіп, ұлттық рекордты жаңартты.

Додаға 200-ден астам спортшы қатысты. 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «ұзын цикл» дисциплинасы бойынша сынға түскен Александр Комаров 78 рет гір көтеріп, чемпионаттың ең жоғары көрсеткішіне қол жеткізді және бірінші орынды иеленді. Алайда спортшы мұнымен шектелген жоқ. Қарағанды облысының құрамасы сапында эстафетаға қатысып, елдің жаңа рекордын орнатты.

– Командалық эстафетада үш минут ішінде әрқайсысы 32 келіден екі гірді 43 рет көтердім. Бұл – Қазақстанның жаңа рекорды. Мұндай нәтижеге табанды жаттығу мен командамыздың қолдауының арқасында жеттім деп есептеймін, – деді жеңімпаз. – Күн сайын, әдетте, үш сағат бойы бір рет жаттығамын. Ал маңызды жарыстарға қызу дайындық кезеңінде жаттығу саны екі есеге дейін артады.

Қарағандылық құтқарушының есімі гір көтеру спортында кеңінен танымал. Александр Комаров – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, студенттер арасындағы әлем чемпионы, кәсіпқойлар арасындағы әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері, сондай-ақ Еуропа чемпионы және Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы. 2024 жылы ол Грекияда өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.