Қарағандылық маман — Қазақстанның үздік криминалистерінің қатарында

Қарағандылық маман — Қазақстанның үздік криминалистерінің қатарында

Криминалистің еңбегі көп жағдайда көпшілік назарынан тыс қалады. Алайда тергеудің табысты аяқталуы көбіне оның мұқияттылығы мен кәсібилігіне байланысты. Еліміздің үздік мамандарының қатарында Қарағанды облысының өкілі Аида Жүсіпова бар. Ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Үздік криминалист» республикалық байқауында екінші орын иеленді. Беделді дода қорытындысы Қарағандыда шығарылды.

Аида өңір намысын республикалық деңгейде қорғау құқығына облыстық кезеңде жеңіске жеткеннен кейін ие болды. Финал кәсіби тұрғыдан елеулі сынаққа айналды. Қатысушылар арнайы дайындық бойынша тестілеуден өтіп, нормативтік-құқықтық базаны және оқиға орнын қарау әдістемелерін меңгергенін көрсетті. Сонымен қатар күрделі жайда тапсырмаларды орындап, блиц-турнирге қатысып, криминалистикалық қызметті дамытуға арналған авторлық жобаларын қорғады.

Ең жауапты кезеңдердің бірі — шынайы жағдайға барынша жақындатылған ортада оқиға орнын қарау тапсырмасы болды. Сарапшылар қатысушылардың іс-әрекет алгоритмін, жағдайды толық тіркеу сапасын, заттай дәлелдемелерді дұрыс алу және буып-түю тәртібін бағалады.

— Екінші орын — еңбегіме берілген жоғары баға әрі кәсіби тұрғыдан одан әрі өсуге серпін. Байқау еліміз бойынша криминалистердің дайындық деңгейі өте жоғары екенін көрсетті, — деді Аида Жүсіпова.

Бұл мамандықты ол саналы түрде таңдаған. Ғылым мен тәжірибе ұштасатын, нәтиже аналитикалық ойлау, тәртіп пен ұсақ-түйекке мұқият қарауға тәуелді болатын сала оны ерекше қызықтырған. Оқуын тәмамдағаннан кейін Аида жедел-криминалистикалық бөлімшелерде қызметін жалғастырып, бүгінде төрт жылдан бері Қарағанды облысы Полиция департаментінде еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол әртүрлі санаттағы, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша оқиға орындарын қарауға қатысып, заттай дәлелдемелерді алу және зерттеу жұмыстарымен айналысты.

— Криминалистикада маңызы төмен деталь болмайды. Кейде көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектің өзі қылмысты ашудың кілтіне айналады, — дейді Аида Жүсіпова.