Қарағандыда «Қазақша сөйле» атты тілдік клуб жұмыс істейді

Қарағандыда «Қазақша сөйле» атты тілдік клуб жұмыс істейді

Қарағандыда мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді қалайтындарға арналған «Қазақша сөйле» тілдік клубы жұмыс істейді. Клуб тіл деңгейіне қарамастан барлық ниет білдірушілерге ашық.

Клуб өткен жылы өз жұмысын бастады. Ең алдымен ол жаңадан үйренушілерге және қазақ тілін түсінгенімен, ауызша сөйлеу тәжірибесінде қиындық көретіндерге бағытталған. Мұнда түрлі мамандық иелері мен әр жастағы адамдар келеді: студенттер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, жекеменшік компаниялардың мамандары. Көбіне бұл — қазақ тілі жұмысында және күнделікті өмірінде маңызды рөл атқаратын 20 мен 40 жас аралығындағы ересектер.

Тегін сабақтар сөйлесу кездесулері, тақырыптық талқылаулар, ойындар, рөлдік диалогтар және тұрмыстық жағдайларды талдау форматында өтеді. Дәстүрлі курстардан айырмашылығы — мұнда грамматика мен теорияны жаттауға басымдық берілмейді. Негізгі мақсат — ауызекі сөйлеу тәжірибесін дамыту және қарым-қатынаста сенімділікті қалыптастыру. Қатысушылар алғашқы сабақтан бастап-ақ, тіпті бірнеше сөз ғана білсе де, сөйлей бастайды. Кездесу форматы топтың деңгейіне қарай бейімделеді.

Жоба қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі жанындағы «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы тарапынан жүзеге асырылуда. Идея тілді үйренгісі келетіндерді қолдау қажеттілігінен туындаған: көпшілігі қазақ тілін түсінгенімен, сөйлеуге қысылады. Клуб психологиялық кедергіні еңсеруге көмектесіп, қарым-қатынасқа арналған қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастырады.

Орталық директоры Эльмира Сайлауқызының айтуынша, нәтижелер әлбетте байқалады.

— Клубтың арқасында еркін сөйлей бастаған қатысушылардың мысалдары аз емес. Кейбірі тілді мүлдем білмейтін деңгейде келді, алайда тұрақты кездесулердің, қолдаушы атмосфераның және үздіксіз тәжірибенің арқасында бірнеше айдың ішінде тұрмыстық тақырыптарда сенімді сөйлесіп, біртіндеп күрделі әңгімелерге көшті, — дейді Эльмира Сайлауқызы.

Евгения Кондратьева шахтада еңбек етеді және жуырда қазақ тілін терең меңгеруге шешім қабылдаған. Алғашында ол оқуды өз бетімен бастаған: онлайн-сабақтарды тыңдап, қысқа бейнероликтер қараған. Кейін «Шырақ» тілдерді оқыту орталығына жазылып, курстарға қатыса бастады. Ол оқу процесін шынымен қызықты әрі көңіл көтерерлік деп сипаттайды. Қазір Евгения сөйлесу клубына да жүйелі түрде қатысып жүр.

— Бірде автобус аялдамасында мектеп оқушыларының әңгімесін естіп, күтпеген жерден олардың не туралы сөйлесіп тұрғанын түсінгенімде ерекше сезімге бөлендім. Өзге тілді түсінетіндігіңді сезіну — бұл шынайы шабыт береді. Сөйлесу клубына әртүрлі мамандық өкілдері мен әр жастағы адамдар келеді, сондай-ақ әртүрлі ұлт өкілдері де қатысады. Осындай клубтардың және оқытушылардың қолдауының арқасында біз өз мақсатымызға жетеміз. Қазақ тілін үйреніп жүрген әркімге табандылық пен шыдамдылық тілеймін. Бастау әрқашан оңай емес, — дейді сөйлесу клубының белсенді қатысушысы.

Негізгі қиындықтардың қатарында қатысушылардың уақыт тапшылығы мен қателік жіберуден қорқу сезімі бар. Дегенмен дәл осы тұрақты кездесулер мен достық атмосфера бұл кедергілерді біртіндеп еңсеруге мүмкіндік береді.

Клубтың алдағы уақытта жұмыс форматын кеңейтуді жоспарлап отыр: онлайн-кездесулерді іске қосу, сөйлесу интенсивтерін өткізу, ұйымдармен ынтымақтастық орнату, кең аудиторияға арналған ашық іс-шаралар ұйымдастыру және өз әдістемелік материалдарын әзірлеу.

— Қателіктен қорықпаңыздар — олар оқудың табиғи бөлігі. Ешкім бірден мінсіз сөйлеп кетпейді. Ең бастысы — алғашқы қадамды жасау. Қазақ тілі — тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге мәдениет пен ұлттық бірегейліктің бір бөлігі. Неғұрлым ерте бастасаңыз, соғұрлым тез сенімділікке қол жеткізесіз, — деп атап өтті орталық директоры.

Сабақтар Ерубаев көшесі, 34 мекенжайында әр жексенбі сайын сағат 11:00-де өтеді. Өткізу кезеңі — ақпаннан қараша айына дейін.

Фото «Шырақ» тілдерді оқыту орталығынан