Қарағанды облысында 500 шақырымға жуық жол жөнделеді

Қарағанды облысында 500 шақырымға жуық жол жөнделеді

Қарағанды облысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың, сондай-ақ қалалық көшелер мен көпірлердің жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуық учаскесін жаңарту жоспарланып отыр. Жұмыстар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және өңірдің көлік байланысын жақсартуға бағытталған.

— Саран – Шахтинск автожолында күрделі жөндеу жалғасуда, сондай-ақ Шахан – Жаңаталап учаскесінде жөндеу жүргізілуде. Дубовка ауылынан Саран қаласына дейінгі жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, — деп мәлімдеді аппараттық кеңесте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев. — Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылуда. Есіл өзені үстіндегі көпірде техникалық қозғалысты наурыз айында ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл су тасқыны кезеңінде айналма жолсыз қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биыл облыстық маңызы бар автожолдардың 13 учаскесінде жалпы ұзындығы 84 шақырым орташа жөндеумен қамтылады. Шахтинск – Есенгелді бағытында қар тоқтатқыш қоршаулар орнату, Қарағанды – Шахтинск жолында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылауды күшейту жоспарланған. Қорғалжын – Баршын құм-қиыршықтас жолының проблемалық учаскесінде ағымдағы жөндеу басталады. Ал Жараспай – Нұра бағытында еріген қар суларын өткізу үшін су өткізгіш құбырлар салынады.

Сонымен қатар облыстық маңызы бар автожолдар бойындағы жаяу жүргіншілер өткелдеріне қозғалыс датчиктері бар жарықтандыру орнату және жол жиектерін көгалдандыру қарастырылған.

Saran индустриялық аймағын дамыту аясында ұзындығы 21 шақырым болатын, индустриялық аймақтан Қарағанды – Астана тасжолына шығатын жолды реконструкциялауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Елді мекендер ішіндегі жолдарды жөндеуге бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы да жалғасуда.

Қарағанды агломерациясының көлік жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2030 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту тұжырымдамасын және көлік қозғалысын талдаудың ақпараттық жүйесін әзірледі. Күтіліп отырғандай, бұл шешімдер жол жүктемесін азайтып, тұрғындар үшін қолайлылықты арттырып, өңірдің ұлттық көлік желісіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Думан Қалабиевтің айтуынша, Қарағанды – Жезқазған автожолын реконструкциялау жұмыстарын бастау наурыз айының ортасына жоспарланған.

Республикалық маңызы бар трассалардың тоғыз учаскесінде жалпы ұзындығы 280 шақырым орташа жөндеу жүргізіледі. Бір жол өткелі мен екі көпірге күрделі жөндеу жасалады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде жол инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланғанын атап өтіп, жолдарды қысқы күтіп-ұстауға бақылауды күшейтуді, су тасқыны кезеңінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ материалдардың сапасы мен нысандардың маусымға дайындығын қатаң қадағалауды тапсырды.

— Жолдарды қысқы күтіп-ұстау мен қозғалыс қауіпсіздігіне бақылауды жалғастыру қажет. Алда су тасқыны кезеңі, сондықтан жедел әрі үйлесімді әрекет ету маңызды. Жолаушылар көлігі басқармасы, қала және аудан әкімдіктері, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» филиалы маусымға дайындықты және материалдар сапасын бақылауды қамтамасыз етуі тиіс, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Барлық нысандар Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының оң қорытындысы болған жағдайда ғана пайдалануға қабылданады.