
Балқаш қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейдің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қанат Тілеубек саналы ғұмырының қырық жылға жуық уақытын білім беру саласына арнаған. Оның педагогикалық өтілі 37 жылды құрайды. Осы жылдар бойы ол таңдаған кәсібіне адал болып, жас ұрпаққа бейнелеу өнері мен қолөнердің қыр-сырын үйретіп келеді.

Ұзақ жылғы мінсіз еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан сүбелі үлесі үшін Қанат Тілеубек «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Ведомстволық награда ұстаздың мамандыққа деген адалдығы мен жауапкершілігінің лайықты бағасы болды.
Дегенмен педагог өзі ешқашан атақ-даңққа ұмтылмағанын айтады. Оның пайымынша, ұстаз еңбегінің ең биік бағасы — шәкірттерінің жетістігі мен ата-аналардың ризашылығы.
— Адал әрі жауапты еңбек қашанда өз бағасын табады, — дейді ол.
Қанат Тілеубек жоғары білімді Жезқазған педагогикалық институтының көркем-графика факультетінде алып, «бейнелеу өнері, сызу және еңбекке баулу пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда ол бейнелеу өнері мен көркем еңбек сабақтарын жүргізіп қана қоймай, мектеп жанындағы арт-студияға жетекшілік етеді.

Ұстаздың айтуынша, көркем еңбек пәні оқушылардың тек практикалық дағдыларын қалыптастырып қоймай, олардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытады, еңбектің нәтижесін көріп, оны бағалауға үйретеді. Қолданбалы өнер арқылы балалар ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарға тереңірек бойлайды.
— Бүгінгі оқушылар өте зерек әрі ізденімпаз. Олардың талап-тілегі де жоғары, — дейді Қанат Тілеубек. — Бұрын басымдық қол еңбегіне берілсе, қазір балалар дәстүрлі қолөнерді заманауи технологиялармен ұштастыруға ұмтылады.
Педагогтің өзі де шығармашылық ізденістен қол үзген емес: ағаш, металл, былғары және сазбен жұмыс істейді, кескіндеме туындыларын жазады, мүсіндер мен портреттер сомдайды. Ол қазіргі заман ұстазы үнемі кәсіби тұрғыдан жетіліп, жаңа технологияларды меңгеріп, оқушылардың бойында еңбек пен өнерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыруы қажет деп есептейді.