
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары 2026–2030 жылдарға арналған Өңірді дамыту бағдарламасы шеңберіндегі инвестициялық жоспарды бекітіп, 2026 жылға арналған облыстық бюджетке нақтылаулар енгізді. Қаражаттың басым бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталды.

Нақтыланған бюджет жобасы облыстық бюджет комиссиясының, облыс әкімдігінің, қоғамдық кеңестің отырыстарында, сондай-ақ мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен жиынында жан-жақты қаралды. Құжатта республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және 2025 жылғы бюджеттің орындалу қорытындылары ескерілген.
– Бөлінген қаражат есебінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол-көлік инфрақұрылымы және әлеуметтік нысандарды салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша бірқатар жобалар іске асырылады. Әлеуметтік маңызы бар бағыттардағы жолаушылар тасымалына, агроөнеркәсіптік кешенге, өнеркәсіп секторына және туризмге қолдау жалғасады. Сонымен қатар табиғатты қорғау іс-шаралары мен коммуналдық меншік мүлкін тиімді басқару бағытындағы жұмыстар көзделіп отыр, – деді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Әшкенов.

Әлеуметтік салада бюджет қаражаты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге, жұмыспен қамтуды қолдауға, мәдениет, ішкі және жастар саясаты бағыттарындағы іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсалады.
Сессия барысында депутаттар 2025–2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есепті де қарады. Өткен жылы Үлкен Бұқпа, Нұра, Соқыр, Тоқырауын өзендерінің арналары санациядан өтіп, Тоғызқұдық және Жастілек гидротехникалық нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран қалаларында және бірқатар аудандарда 2026–2027 жылдары пайдалануға берілетін 15 тазарту құрылысы мен кәріз желілерін салу және реконструкциялау жобалары жалғасуда. Бұл туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев мәлімдеді.
Абай қаласында сұрыптау желісімен жабдықталған заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталды. Өңірде орман алқаптарының аумағын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар заңсыз қоқыс үйінділерін жою және өзге де экологиялық мәселелерді шешу бағытындағы шаралар жүйелі түрде іске асырылуда.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев атқарушы органдар мен депутаттардың үйлесімді әрі тығыз өзара іс-қимылы өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі шарты екенін атап өтті.