Жас мамандарды Қарағанды техникалық университетіндегі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне шақырады

Жас мамандарды Қарағанды техникалық университетіндегі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне шақырады

Қарағанды техникалық университеті жанында «Карьера Start» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Аталған алаңда өңірдің 90-ға жуық жетекші кәсіпорны өздерінің өзекті вакансияларын ұсынады. Аға курс студенттері мен түлектер үшін бұл өндірістік тәжірибеден өтуге немесе алғашқы жұмыс орнын табуға мүмкіндік.

Жәрмеңке 19 ақпанда сағат 10:30-да «Политехник» кафесінің ғимаратында өтеді.

Іс-шараға ұлттық және халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер, Кәсіпкерлер палатасының, Еңбек мобильділігі орталығының өкілдері, «Шұбаркөл көмір», «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» – «Қарағанды бөлімшесі ГП», Qarmet, Borusan Cat Қазақстан, №3 автобус паркі, QazTehna, RGB Group және өңірдің басқа да ірі кәсіпорындары қатысады.

Жәрмеңкеге университеттің түрлі факультеттерінен шамамен 1500 студент қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында тау-кен, сәулет-құрылыс, металлургия және машина жасау, энергетика, автоматика және телекоммуникациялар, көлік, логистика және инженерлік экономика факультеттерінің студенттері, сондай-ақ магистранттар, докторанттар мен оқу орнын тәмамдаған түлектер бар.

Мұндай жәрмеңкелер оқу орнында тұрақты түрде ұйымдастырылып, студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы тікелей байланысты нығайтуға ықпал етеді. Қатысушылар сұранысқа ие бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып, еңбек жағдайлары мен өндірістік тәжірибеден өту талаптарын талқылай алады, сондай-ақ жұмысқа орналасуға қатысты алғашқы ұсыныстарға ие болады. Жас мамандар үшін бұл – мамандығы бойынша жұмыс тауып, оқуын аяқтағаннан кейін бірден кәсіби жолын бастауға берілетін мүмкіндік.