
Қарағанды облысында 25 ақпанда «Қазақстан Республикасы колледждерінің Топ-100 студенті» республикалық конкурсына қатысушыларды іріктеу кезеңі бастау алады. Жоба техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды жастарды қолдауға, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған.
Байқауға оқу үлгерімімен, кәсіби даярлығымен және қоғамдық белсенділігімен жоғары нәтижелерге қол жеткізген колледж студенттері шақырылады.
Конкурс үш кезең бойынша өткізіледі: ішкі, өңірлік және республикалық. Алғашқы кезеңде үміткерлерді колледждердің өздері айқындайды. Облыстық кезең 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өтеді. Әрбір оқу орнынан оған бес студенттен артық жіберілмейді. Өңірлік іріктеу қорытындысы бойынша облыстың намысын республикалық деңгейде қорғайтын финалистер тізімі жасақталады. Жобаның соңғы үш жылдағы жеңімпаздары конкурсқа қайта ұсынылмайды.
Қатысуға студенттік өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен волонтёрлік қозғалыстардың өкілдері, кәсіби шеберлік чемпионаттарының қатысушылары мен жүлдегерлері, соның ішінде WorldSkills форматындағы жарыстардың, сондай-ақ басқа да салалық байқаулардың үміткерлері шақырылады. Сонымен қатар олимпиадалар мен ғылыми конференциялар жеңімпаздары, спорттық турнирлер қатысушылары, шығармашылық ұжым өкілдері, инновациялық идеялар мен стартап-жобалар авторлары, мемлекеттік жастар саясаты бағдарламаларына тартылған жастар да өтінім бере алады.
Қатысушыларды бағалау кезінде тек академиялық көрсеткіштер ғана емес, сонымен бірге практикалық дағдылары, кәсіби жетістіктері, әлеуметтік белсенділігі, бастамашылдығы және жүзеге асырылған жобалардың қолданбалы маңызы ескеріледі.
Өтінімдер sto.top.00@mail.ru электрондық поштасы арқылы қабылданады. Үміткерлер көлемі 350 сөзге дейінгі мотивациялық хат қоса ұсынуы қажет. Хатта «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының, «Заң және тәртіп» және «Таза Қазақстан» бастамаларының идеологиялық құндылықтарын ескере отырып, таңдаған мамандығын ілгерілетуге қатысты өз идеяларын, сондай-ақ жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру жөніндегі ұсыныстарын баяндауы тиіс.
Бұдан бөлек, ұзақтығы екі минуттан аспайтын бейнеролик талап етіледі. Бейнематериал қатысушының әлеуметтік желідегі жеке парақшасында ашық қолжетімді форматта жариялануы қажет. Онда үміткер өңірдің дамуына үлес қосатын болашақ маман ретіндегі көзқарасын таныстырып, қарауға арналған сілтемені ұсынуы тиіс.
Сондай-ақ қатысушылар таңдаған мамандығы бойынша жоба презентациясын әзірлеп, өзін болашақ кәсіби маман ретінде таныстырып, цифрлық және жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін көрсетуі қажет.
Конкурстың қорытынды кезеңі «TOP-100 STUDENTS» интернет-ресурсында өткізіліп, нәтижесінде еліміздің колледждері арасынан 100 үздік студент анықталады.