Мықты мектеп — мықты директор: Қарағанды облысында болашақ мектеп басшыларының кадрлық резерві қалыптастырылуда

Мықты мектеп — мықты директор: Қарағанды облысында болашақ мектеп басшыларының кадрлық резерві қалыптастырылуда

Қарағанды облысында алғаш рет пилоттық режимде «Болашақ басшы» кадрлық резерв жобасы іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты — өңір мектептерінің болашақ директорлары үшін басқарушылық резерв қалыптастырып, білім беру жүйесіне жаңа буын кәсіби көшбасшыларын даярлау.

Жобаға қатысуға 400-ден астам үміткер тіркелді. Іріктеу нәтижесінде 200 маман білім алуға кірісті. Оқу бағдарламасы жеті модульден тұрады және workshop, сарапшылық дәрістер, кейс-талдау, менторлық сессиялар форматында жүзеге асырылуда. Курстар болашақ басшылардың басқарушылық әлеуетін күшейтуге, стратегиялық ойлауын дамытуға және практикалық құзыреттерін жетілдіруге бағытталған.

Кадрлық резервті даярлау облыстық Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының базасында құрылған «Болашақ басшы» мектебінде ұйымдастырылған.

Сабақтардың бірінде білім беру саласындағы озық халықаралық тәжірибелер — Сингапур, Канада және Финляндия елдерінің үлгілері талқыланды. Ортақ мақсатқа ұжымды топтастыра алатын әрі стратегиялық міндеттерді тиімді жүзеге асыратын кемел басшының құндылықтары мен қағидаттарына ерекше назар аударылды. Талқылау «Адал азамат» тұжырымдамасының идеяларымен және адами капиталды дамыту басымдықтарымен өзара үндес болды.

Бүгінде тиімді басқару білім сапасын арттырудың шешуші факторларының бірі ретінде қарастырылады.

«Болашақ басшы» бағдарламасының тыңдаушыларымен өткен кездесуде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей заманауи басқарушының миссиясы мен білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық бағдарлары туралы өз көзқарасын білдірді. Сондай-ақ білім саласындағы жүйелі реформалар мен заманауи басқару тәсілдері жөнінде ашық әрі мазмұнды пікір алмасу өтті.

Қазіргі таңда бағдарлама қатысушылары «Өзгерістер стратегиясы: талдаудан нәтижеге дейін» атты қолданбалы жобалармен жұмыс істеуде. Олар нормативтік-құқықтық базаны терең меңгеріп, білім беру ұйымдарының даму бағытына SWOT-талдау жүргізуде, қаржылық менеджмент негіздерін игеруде, тиімді командалар қалыптастырудың заманауи тәсілдерін зерттеуде және басқару үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін қарастыруда.

Ұйымдастырушылардың пайымынша, білім беру саласының тұрақты дамуы сапалы оқыту мен кәсіби басқарудың өзара үйлесімді ықпалдастығы арқылы ғана қамтамасыз етіледі.

Фото Ortalyq.kz