Қарағандыда қоғам өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады

Қарағандыда қоғам өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады

Қарағандыда Конституциялық комиссияның мүшесі Бекзат Алтынбековтың қоғам өкілдерімен кездесуі өтті. 

Жиынның негізгі тақырыбы — Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын және оның елдің одан әрі дамуы үшін маңызын талқылау болды.

Талқылауға саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ жастар белсенділері қатысты. Ашық диалог барысында құжаттың негізгі ережелері мен жаңашылдықтары жан-жақты түсіндірілді. Олар әділдік, заңдылық, қоғамдық келісім қағидаттарын нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Негізгі Заңның саяси тұрақтылықтың, этносаралық бірліктің және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың іргетасы ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Жаңа прогрессивті Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін қалыптастырып, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейтетіні және өңірлердің дамуына қосымша мүмкіндіктер жасайтыны атап өтілді.

Кездесуге қатысушылар жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар мен алдағы республикалық референдумды қолдайтындарын білдіріп, ел болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдауда әрбір азаматтың белсенді қатысуының маңызын атап өтті.

Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Осындай кездесулер кәсіпорындар мен ұйымдар алаңдарында, сондай-ақ жастар ортасында өткізіледі.