
Футзал, жекпе-жек немесе тренажер залы: енді Шет ауданының Нұра ауылының тұрғындары өздеріне ұнаған спорт түрін таңдай алады. Мұнда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, оны спортшылар ғана емес, барлық ниет білдірушілер жыл бойы пайдалана алады. Кешен 200 орынға есептелген.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Шет ауданында болды.

— Сіздерді жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы тау-кен өндіруші кәсіпорындарға өздері жұмыс істейтін елді мекендерде әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Sary-Arka Copper Processing компаниясы бұл бастаманы қолдап, ауыл үшін заманауи спорт кешенін салды. Жабдықталу деңгейі мен сапасы жағынан ол қалалық нысандардан кем түспейді. Біздің жоспарымызда өңірдің басқа ауылдарында да осындай спорт нысандарын салу бар. Бұл ғимаратты стандарт ретінде алатын боламыз, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Екі қабатты ғимарат жаттығу нысандарына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып жобаланған және бірнеше бағыт бойынша қатар жаттығу өткізуге мүмкіндік береді. Бірінші қабатта футзалға арналған әмбебап зал орналасқан. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бөлек киім ауыстыратын бөлмелер, жуыну кабиналары, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер және қосымша кабинеттер қарастырылған.

Мұнда жаттығу өткізіп қана қоймай, турнирлер ұйымдастыруға да болады.

— Бұл оқиғаға біз өте қуаныштымыз. Дәл осы жерде болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін бар күшімізді саламыз. Кешен барлық ниет білдірушілерге ашық: мұнда волейбол және қазақ күресі секциялары жұмыс істейді, заманауи жабдықтар мен тренажер залы бар. Барлық жағдай спортшыларға ыңғайлы жаттығып, дамуы үшін жасалған, — дейді дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Әбдіжарас Нұркенұлы.

Екінші қабат күштік жаттығулар мен жекпе-жекке, оның ішінде бокс пен күреске арналған мамандандырылған залдармен жабдықталған, сондай-ақ тренажерлары бар жеке фитнес-зал бар.

Қазақ күресінен жаттықтырушы Бекнұр Әбдіғалым бұған дейін олар жергілікті мектептің спорт залында жаттыққанын айтады. Ал қазір арнайы жабдықталған өздерінің залы бар. Секцияға 9–10 жастан бастап балалар қабылданады, енді тәрбиеленушілер санын арттыруға мүмкіндік туып отыр.

— Ауыл тұрғындары үшін, әсіресе біз, спортшылар үшін, осындай заманауи жабдықталған спорт кешенінің ашылуы — үлкен қуаныш. Ауданда жас әрі болашағынан үміт күттіретін жастар көп, олардың бір бөлігін мен жаттықтырамын. Сондықтан жаңа чемпиондарды дайындау үшін жұмыс істейтін боламыз, — дейді Бекнұр Әбдіғалым.

Шет ауданы мықты спорттық дәстүрлерімен және жергілікті мектеп тәрбиеленушілерінің республикалық және халықаралық жарыстардағы нәтижелерімен танымал.

Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы спортшыларды даярлау базасын кеңейтіп, тұрғындар үшін спортпен айналысуды қолжетімді ете түседі.

Өңір басшысының жұмыс сапары «Алмалы» кен орнында жалғасты. Мұнда ол Sary-Arka Copper Processing зауытының жұмысымен танысты.

Кәсіпорын озық экологиялық таза технологияларды қолдана отырып, жоғары тазалықтағы катодты мыс өндіруге маманданған.

Оның іске қосылуы өңірде түсті металлургияның дамуына серпін берді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 9 мың тоннадан астам мыс өндіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мұнда шамамен 400 адам жұмыс істейді.

Кәсіпорын директоры Асхат Мұқажанов облыс әкіміне негізгі өндірістік процестер мен өндірісті одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндады.

Ермағанбет Бөлекпаев еңбек ұжымымен кездесіп, жұмысшылардың сұрақтарына жауап берді.