
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әр тоқсан сайын Amanat партиясы филиалында тұрғындармен кездесу өткізеді. Кезекті жеке қабылдауға келген азаматтар спорт саласы мен әлеуметтік бастамаларды қолдау мәселелерін көтерді.

«Creative & Innovation Institute» Орталық Азияның тұрақты даму қоғамдық қорының директоры Ирина Харитонова геймификацияланған экосоқпақтардан бастап, қайта өңделген қағаздан экологиялық таза бояулармен басылған балаларға арналған «Таза Қазақстан» танымдық кітаптар сериясына дейінгі бірқатар жобаларды таныстырды.

— Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасында Тұрақты даму орталығын аштық. Жалпы креативті ойлау мен экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруда мол тәжірибеміз бар. Соның бірі — геймификацияланған экосоқпақтарға арналған аудиогидтердің цифрлық жүйесі. QR-кодты сканерлеу арқылы пайдаланушы біздің платформаға өтеді. Аудиогид қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Қатысушы шыңға жетіп, флора мен фаунаға қатысты алты кереметті табуы тиіс, — деді қоғамдық қор жетекшісі.
Өткен жылы EcoPlaton пилоттық жобасы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде енгізілген. Облыс әкімімен кездесуде оны өңірдің туристік бағыттары мен қоғамдық кеңістіктерінде — саябақтар мен гүлзарларда — кеңейту мүмкіндігі талқыланды.

Сондай-ақ қабылдауға таэквондомен айналысатын балалардың ата-аналары келді. Олар федерациядағы мәселелерге байланысты болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардың жарыстарға қатыса алмай қалғанын жеткізді.

Бұдан бөлек, қабылдауға оңалту тренажерлерін өндірумен айналысатын мүгедектігі бар азаматтар да жүгінді. Оларға жаттығу залын ашу үшін ғимарат бөлу мәселесінде қолдау қажет.
Көтерілген барлық мәселелер қолданыстағы заңнама аясында ықтимал көмек көрсету жолдарын қарастыру үшін бақылауға алынды.