Жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша референдум 15 наурызда өтеді

Жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша референдум 15 наурызда өтеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатта референдум өтетін күн 2026 жылғы 15 наурыз деп белгіленген.

Жарлыққа сәйкес, жаңа Конституцияның жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын республикалық референдумға мынадай тұжырымдағы мәселе бойынша шығару: «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» – делінген Жарлық мәтінінде.

Республикалық референдумды дайындау мен өткізу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына жүктелді. Үкіметке Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, басқа да орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге ұйымдастыру шараларын қамтамасыз ету тапсырылды.

Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.