Қарағанды облысының оқушылары робототехникадан халықаралық чемпионатқа жолдама жеңіп алды

Қарағанды облысының оқушылары робототехникадан халықаралық чемпионатқа жолдама жеңіп алды

Қарағанды облысының оқушылары Astana Tech Cup республикалық робототехника чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарға қатысуға жолдама иеленді.

Елордада өткен турнир Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ең мықты жас инженерлерді біріктірді. Astana Tech Cup еліміздегі ең ірі технологиялық чемпионаттардың бірі саналады. Биыл жарысқа 720 команда мен 2500-ден астам оқушы қатысты.

Биылғы чемпионат аясында алғаш рет бір алаңда бірнеше бағыт тоғыстырылды: Fibonacci Robot Olympiad, VEX Robotics, Drone Soccer, сондай-ақ мектеп оқушылары арасындағы киберспорт. Жеңімпаздар үшін бұл турнир өз мүмкіндіктерін көрсетуімен қатар халықаралық кезеңдерге, соның ішінде Анталья қаласында өтетін Fibonacci International Robot Olympiad жарысына жол ашты.

Қарағанды облысы атынан қатысқан ең жас командалардың бірі — Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушылары болды.

— Дайындыққа уақыт өте аз болды: біз басқа да көптеген жарыстарға қатысып жүрдік, жүктеме өте жоғары еді. Жаттығу кезінде бәрі мінсіз жұмыс істегенімен, турнирде жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Мұнда тәжірибе, адреналинмен жұмыс істеу, қобалжу мен үрейді жеңе білу аса маңызды. Көз жасы да болды, жүйке де тозды, ұйқысыз түндер өтті. Соған қарамастан команда өзін жинақтап, нәтижеге қол жеткізді, — деді жаттықтырушы Әсел Ақшалақова.

Жарыс қорытындысы бойынша Саран қаласының командалары бірнеше жүлделі орынға ие болды. «Робофутбол» пәні бойынша кіші жас санатында Тимур Кәрімов пен Антон Евсеев абсолютті чемпион атанды. Орта жас санатында Богдан Максименко, Давид Лацабидзе және Арсентий Беляев екінші орынды иеленді. Ал ересек топта Данил Горбунов, Владислав Орлов және Никита Карлин қола жүлдегер атанды.

Қыздар командасы да жоғары нәтиже көрсетті. «Триатлон» номинациясы бойынша ересек жас санатында Ясина Сағатова, Ақмарал Сембек және Владислава Медянцева екінші орын алса, үшінші орынды София Максименко иеленді.

Саран қаласының барлық командалары Антальяда өтетін халықаралық кезеңге қатысу квотасын жеңіп алды.

Халықаралық чемпионатқа тағы бір жолдаманы Балқаш қаласындағы №5 мектептің 9-сынып оқушысы Аят Мақсұт иеленді. Ол Lego Sumo санатында өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарына енді.

— Біз мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатыстық. Өтінім берілгеннен кейін дайындыққа небәрі бір апта уақыт қалды. Қатаң бәсекеге қарамастан, Аят сенімді өнер көрсетіп, салмағы бір килограмға дейінгі роботтар санатында жүлделі орын алды, — деді оқушының жетекшісі Ернұр Бағламбек.

Чемпионат қорытындысы бойынша Аят Мақсұт үшінші орынға ие болып, Түркияда өтетін халықаралық кезеңге шақырту алды.

Жеңіспен және чемпионатқа жолдамамен «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командалары да оралды. 5–7 сынып оқушылары арасында Entrepreneurship Challenges номинациясында AIDK Robotics, ал 10–11 сынып оқушылары арасында CyberSport Tournament санатында Space командасы бірінші орынды иеленді. 9–12 сыныптар арасында Maze Solving номинациясында Inspiro IT командасы екінші орын алды.

Сонымен қатар, Inspiro және Inspiro girls қыздар командалары Girls Triathlon санатында Антальяда өтетін чемпионатқа қатысу үшін қазылар алқасынан квота алды.

Осылайша Қарағанды облысының жас робототехниктері өз әзірлемелерін енді әлемдік деңгейде таныстыру мүмкіндігіне ие болды.