Қарағанды облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2026 жылға арналған басымдықтары айқындалды

Қарағанды облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2026 жылға арналған басымдықтары айқындалды

Қарағанды облысында агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдетілген несиелеуге арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасын 2026 жылы іске асырудың басым бағыттары талқыланды. Семинар өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында өтіп, оған «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері және бизнес-қоғамдастық қатысты.

Жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлігін қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді.

– 2023 жылы бағдарламаны қаржыландыру көлемі 3,4 млрд теңгені құрап, 464 несие берілді. 2025 жылы қолдауға қосымша 2 млрд теңге бөлінді. Ең жоғары белсенділікті Қарқаралы, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандары көрсетті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтеріне салынған инвестиция көлемінің өскені байқалады, – деді «Сарыарқа» ӘКК» АҚ тәуекел-менеджері Әсет Ертісбаев.

2026 жылғы негізгі қаржыландыру кезеңі сәуір айына жоспарланған. Қазіргі таңда бірқатар жобалар қарауға ұсынылған.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Тоқмырзиннің айтуынша, басым бағыттар қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ауыл сервистері мен туризм салалары бар. Сондай-ақ моноқалалардағы кәсіпкерлікті қолдауға қаржы қарастырылған. Бұл ретте сауда-саттыққа, жеңіл автокөліктерді сатып алуға немесе жақын туыстардан мал алуға несие берілмейді. Қаржыландырылатын техника мен жабдықтар тек жаңа болуы тиіс.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін алаңдатқан мәселелерді көтерді. Кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлерге «Даму» қоры арқылы кепілдендіру мүмкіндігі бар екені ескертілді. Қор несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік бере алады.

Нәтижесінде қосымша практикалық семинар өткізу туралы шешім қабылданды. Онда аграршыларға өтінімдерді дайындау бойынша көмек көрсетіледі. Кеңес беру қызметтері Кәсіпкерлер палатасының барлық аудандық филиалдарында қолжетімді.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша