Балабақшалардан гүлзарларға дейін: Теміртау тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» арқылы қаланы жаңғыртуда

Балабақшалардан гүлзарларға дейін: Теміртау тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» арқылы қаланы жаңғыртуда

Балалар мен спорт алаңдары, футбол және волейбол алаңдары, абаттандырылған гүлзарлар және жаңа қоғамдық кеңістіктер – осының барлығы Теміртауда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асуда. Биыл қалалық бюджет шеңберінде 23 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Бірнеше жыл бұрын бағдарлама тек жеке нысандарға бағытталса, бүгінде оның ауқымы едәуір кеңейіп, тұрғындардың қызығушылығы артты.

Қалада Бауыржан Момышұлы даңғылындағы гүлзар абаттандырылып, жаңа балалар алаңдары орнатылып, ойын аймақтары жөнделген, кейбір тұрғын аумақтары ретке келтірілген еді.

2026 жылға Теміртау тұрғындары 23 жобаны қолдап, дауыс берді. Жобалар тізіміне тұрғын алаңдары, балалар мен спорт алаңдары, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ бос уақыт өткізуге арналған қоғамдық кеңістіктер кіреді. Жоспарланған нысандардың қатарында Чернышевский көшесіндегі гүлзарды жөндеу де бар.

— «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының мақсаты – тұрғындардың ұсыныстары негізінде қаламыздың аумағын дамыту және абаттандыру. Бұл тұрғыда бәрі тұрғындардың белсенділігіне байланысты: жобаларды олар бастамалап, дауыс беріп, жұмыстардың барысын бақылайды, — дейді ТКШ бөлімінің басшысы Қанат Хасенов.

Келесі жылы іске асырылатын жобаларға өтінім қабылдау 1 наурызға дейін жалғасады. Бағдарлама тек тұрғын алаңдары мен гүлзарларды жөндеуді ғана емес, сонымен қатар жарықтандыруды орнату, автотұрақ ұйымдастыру және қала ортасын жақсартуға арналған басқа да элементтерді енгізуді қамтиды. Жобалар тұрғындардың ашық дауыс беру нәтижелері бойынша таңдалады.

Бастамаларға нақты талаптар қойылады: нысандар тұрғындарға өзекті, жалпы пайдалану үшін арналған, қала аумағында, коммуналдық меншік жерінде орналасуы тиіс. Ұсыныстарды іске асыру Теміртау әкімдігінің құзыретінде болуы шарт.

Өтінімдерді әкімдіктің ресми сайтының «Халық қатысатын бюджет» бөлімінде беруге болады. Жобамен бірге смета және визуалды материалдар — эскиз, фото немесе схема ұсынылуы қажет. Сондай-ақ берілген тізімнен стандартты жобалық шешімді таңдау мүмкіндігі қарастырылған.