
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары өңірлік агломерацияның көлік жүйесіне алғаш рет кешенді ғылыми зерттеу жүргізіп, 2030 жылға дейінгі даму жоспарын әзірледі. Құжатта 50-ден астам іс-шара қамтылған. Жоба жолдардағы жүктемені азайтуға, тұрғындардың мобильдігін арттыруға және жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың «STU-ENGINEERING» ғылыми-техникалық орталығының директоры, техника ғылымдарының кандидаты Оюм Балабаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа өңірдің көлік жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды.

— Біздің агломерация алғаш рет дәл ғылыми тұрғыдан зерттеліп отыр. Біз тұрғындардың қозғалыс мүмкіндіктерін жақсартуға бағытталған нақты шараларды ұсынып отырмыз. Агломерация өте күрделі, өйткені шағын аудандар бір-бірінен едәуір қашық орналасқан, бұл үнемі кептелістерге әкеледі. Ұсынылған шараларды іске асыру автокөліктер үшін ғана емес, жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлік жолаушылары үшін де қозғалысты жеңілдетеді, — деп атап өтті Оюм Балабаев.

Зерттеу тобына Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары, сондай-ақ Сингапур мен Өзбекстан жоғары оқу орындарының профессорлары кірді. Зерттеуді тиімді жүргізу үшін жасанды интеллект элементтері бар цифрлық құралдар әзірленді: Қарағанды агломерациясындағы автожолдардағы қозғалыстың қазіргі қарқындылығын талдау және келешектегі көлік ағындарының қарқындылығын айқындау. Зерттеу нәтижесінде негізгі перспективалық жобаларды қамтитын Іс-қимыл жоспары әзірленді:
1) цифрлық технологиялар және жасанды интеллект саласында:
Қарағанды агломерациясының көлік жүйесінің «цифрлық егізі» — автожолдардың жүктемесін нақты уақыт режимінде талдауға және көлік ағындарын модельдеуге арналған құрал. Ол жасанды интеллект көмегімен көлік инфрақұрылымындағы өзгерістердің әсерін болжауға мүмкіндік береді;
Қоғамдық көліктегі жолаушылар ағындарын мониторингілеудің цифрлық ақпараттық жүйесі — жолаушылар саны нақты уақытта бақыланып, маршруттардың жүктемесі болжанады және жасанды интеллект арқылы кесте оңтайландырылады;
Теміртау қаласындағы трамвай жолдарының «цифрлық егізі» — инфрақұрылымның жай-күйін онлайн бақылауға, ақауларды нақты уақытта анықтауға, апаттық тәуекелдерді болжауға және жөндеу жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді, бұл тоқтап қалу мен күтіп-ұстау шығындарын қысқартады.
2) қауіпсіз көлік байланысын қамтамасыз ету және тасымалдау қызметінің тиімділігін арттыру саласында:
жобаларды іске асыру мерзімдерін 2040 жылдан 2030 жылға ауыстыру — жылдам автобус көлігін (BRT) енгізу, қала маңы – қала теміржол желісін дамыту, велосипед желісін кеңейту, көлік айрықтарын салу;
баламалы энергия көздерін пайдаланатын жылы аялдамалар, Бухар жырау – Молоков көшелерінің қиылысында эскалаторлары мен демалыс аймақтары бар жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу, сондай-ақ қауіпсіздікті арттыру үшін лазерлік жаяу жүргіншілер өткелдерін енгізу.

Цифрландыру бағытындағы жобалар Сингапур тәжірибесіне негізделген. Бұл елде көлікті басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесі нақты уақыт режимінде жұмыс істеп, маршруттарды, бағдаршамдарды және жолаушылар ағындарын жасанды интеллект арқылы реттеуге мүмкіндік береді.

— Ұсынылған шешімдер, оның ішінде веложол инфрақұрылымын дамыту өзекті және назар аударуға тұрарлық. Көше-жол желісін салу мен абаттандыруды жоспарлау кезінде мобильділікке қатысты заманауи тәсілдерді, соның ішінде велосипед қозғалысына жағдай жасауды ескеру маңызды. Бұл бағыт аумақтың ерекшелігі мен тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып, жүйелі талдау мен кезең-кезеңімен енгізуді талап етеді, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жоспарды іске асыру Қарағанды агломерациясының қалалары — Қарағанды, Шахтинск, Теміртау, Сарань және Абайды — бірыңғай тиімді көлік жүйесіне біріктіріп, тұрғындардың қозғалысын барынша ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.