Экоқонақүйлер мен визит-орталық: Қарқаралы ұлттық паркі инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ұсынды 

Экоқонақүйлер мен визит-орталық: Қарқаралы ұлттық паркі инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ұсынды 

Қарағанды облысында экотуризмді жүйелі дамытуға басымдық беріліп отыр. Осы бағытта кәсіпкерлерге Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экоқонақүйлер мен визит-орталық салуға арналған жобалар таныстырылып, құрылыс жүргізуге болатын нақты аумақтар көрсетілді. Ұлттық парк жерінің бір бөлігі туристік-рекреациялық аймақ ретінде айқындалған, бұл табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып туризмді дамытуға жол ашады.

Қазіргі таңда ұлттық парк аумағында экотуризм нысандарын орналастыру үшін инвесторларға төрт жер телімі ұзақ мерзімді пайдалануға (25 жылға дейін), сегіз телім қысқа мерзімді пайдалануға (5 жылға дейін) берілген.

– Қарқаралы ұлттық паркінің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары бекітілді. Туризмді одан әрі өркендету мақсатында қысқа мерзімді пайдалануға қосымша 14 телім қарастырылып отыр. Сонымен қатар алты телімді ұзақ мерзімді пайдалануға беру жоспарда бар. Мәселен, көпшілікке жақсы таныс Шайтанкөлге апаратын туристік соқпақ бойынан ұзақ мерзімді пайдалануға арналған үш телім белгіленді, – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев.

Оның айтуынша, экоқонақүйлер салуға қолайлы өзге де аумақтар анықталған. Атап айтқанда, Самал көлі маңы, Жауыртоғай және Комиссаровка сайлары инвесторлар үшін әлеуетті алаңдар ретінде ұсынылып отыр.

– Егер кәсіпкерлік тарапынан қызығушылық туып, нақты жоба ұсынылса, қолданыстағы талаптарға сәйкес конкурс жарияланады. Конкурс қорытындысы шыққаннан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бір жыл, ал нысанды салуға екі жыл мерзім беріледі, – деп нақтылады Руслан Төлепбаев.

Жеке бағыт ретінде визит-орталық салу жобасы ұсынылып отыр. Бұл нысан туристерді қабылдау деңгейін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ экотуризмнің өңір экономикасына қосатын үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Табиғат музейін жаңғырту жоспарланған. Мұнда цифрлық экспозициялар мен интерактивті технологияларды енгізу көзделіп отыр. 

Музей аумағында орналасқан, көлемі 82 гектарды құрайтын зоологиялық вольерде бизондар мен маралдар жартылай еркін жағдайда ұсталады.

Бұл нысанды да жаңартып, туристер үшін тартымды ету жоспарлануда. Бизнес өкілдерімен ынтымақтастық мемлекеттік-жекешелік әріптестік немесе бірлескен қызмет туралы келісім аясында жүзеге аспақ.

Кездесу барысында Ақмола және Қарағанды облыстары аумағында орналасқан «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жобалары да таныстырылды. Мұнда визит-орталық салу, сондай-ақ демалыс базасы мен глэмпингтер орналастыру жоспарланып отыр.

Туризм саласының дамуына заңнамалық өзгерістер де оң әсерін тигізуде. Инвесторлар үшін жер телімдерін алу және инженерлік инфрақұрылымға қосылу рәсімдері едәуір жеңілдетілген.

Қарағанды облысының туризм басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге бірқатар қолдау тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, өтемақылар мен субсидиялар, сондай-ақ жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Экотуризмді дамыту туристік ағынды арттырып қана қоймай, өңір экономикасының тұрақты өсуіне серпін беретін маңызды факторлардың біріне айналмақ.