
Шахтинск қаласы 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысын жариялады. Өнеркәсіп өндірісі 22,5 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 16,3%-ға өсті. Өсуге ең үлкен серпін берген салалар – көмір өнеркәсібі мен өңдеу секторы. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 90,6 млрд теңгені құрап, оның 90%-дан астамы жеке кәсіпкерлердің үлесіне тиесілі болды.

Қала әкімі Мұрат Қыдырғанбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2026 жылға арналған жоспарларымен бөлісті:
– Шахталардағы көмір өндірісінің 33,6%-ға өсуі қаладағы оң динамиканы қамтамасыз етті. 2025 жылы жалпы көлем 3,6 млн тоннаны құрады. Биыл «Тентек» шахтасында жаңа қазу қуысы пайдалануға беріледі. Жобаның іске асырылуы көмір өндіру көлемін әрі қарай арттыруға мүмкіндік береді, – деді қала әкімі.
Өңдеу өнеркәсібінде де айтарлықтай өсім байқалды. Өткен жылы Шахтинскте арматура кесуге арналған автоматтандырылған желі іске қосылып, анкерлер өндірісін қамтамасыз етті. Алдағы жоспар – гайка шығару желісін іске қосу және толық өндірістік циклға көшу.
Сонымен қатар, қалада асфальт зауытын ашу жобасы пысықталуда. Жұмыс істемей тұрған өнеркәсіптік кешендердің бірінің базасында алтын кенін өңдейтін фабрика құру жоспары қарастырылуда.
Тұрғын үй құрылысы да қарқын алды: өткен жылы 7,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Шахтинскте жаңа бес қабатты үй салынды, Шахан кентінде бос тұрған көпқабатты ғимарат қайта жөнделіп, жеке инвесторлардың есебінен 110 пәтерлі жаңа үй бой көтерді. Қала әкімінің мәліметінше, биыл 85 кезекте тұрған адам тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Инженерлік инфрақұрылымның жаңартылуы жалғасуда: жылу желілері реконструкцияланып, кәріз коллекторларын жаңарту жобалары дайындалды. 2026 жылға Шахтинск ЖЭО мен Шахан кентіндегі қазандықты жөндеу жоспары бекітілген.
Әлеуметтік сала да басты назарда. 2025 жылы 20 білім беру нысаны жөнделіп, ерекше білім қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа кабинеттер ашылды. Қосымша білім беру ұйымдары жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биыл 12 білім нысаны жөнделіп, мектептерге 66 интерактивті панель жеткізіледі.
Медициналық саладағы жаңарту да жалғасуда: аурухана мен емханалар күрделі жөндеуден өтті, заманауи медициналық жабдықтар, оның ішінде компьютерлік томограф сатып алынды. Кадр мәселесі де шешілуде: өткен жылы денсаулық сақтау ұйымдары 62 маманмен толықты, биыл тағы 70 маман тарту жоспарланған.
Қаланы абаттандыру және экологиялық бастамалар да белсенді жүргізілуде. Жарықтандыру бойынша биыл 800-ден астам жаңа жарық нүктесі орнатылып, бағдарлама толық аяқталады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында аумақтарды тазалау, заңсыз қоқыс полигонын жою, контейнер алаңдарын жаңарту және көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.