
Теміртауда Qarmet өнеркәсіп кластерінің аясында алғашқы өндірістік жоба – қайта өңделген материалдардан қолғап шығару іске қосылды.

Жоба Qarmet Service базасында және ТОО «GLOVEX» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып, өнеркәсіптік қолданысқа арналған трикотаж қолғаптарды жергілікті өндіруді дамытуға бағытталған. Бұл Qarmet компаниясының өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және ел ішінде қосымша құндылық қалыптастыру стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.

Жобаның негізгі ерекшелігі – жабық цикл экономикасы принциптерін енгізу. Шикізат ретінде қайта өңделген текстиль қалдықтары, соның ішінде бұрын пайдаланылған арнайы жұмыс киімдері пайдаланылады. Бұл қалдықтардың көлемін азайтып, экологиялық жүктемені төмендетуге, сондай-ақ тұрақты жергілікті жеткізу тізбектерін құруға мүмкіндік береді.

Qarmet компаниясының стратегиялық даму директоры Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, жоба ең алдымен компанияның осы типтегі жеке қорғау құралдарына деген толық қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
— Болашақта өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен ұлғайту және өнімді Қазақстандағы басқа өнеркәсіптік кәсіпорындарға жеткізу жоспарлануда. Жобаның тұрақтылығы ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттармен бекітілген, бұл өндірістің тұрақты жұмысын және сатылым көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді, — деді Тұрар Жолмағамбетов.
GLOVEX компаниясы текстиль қалдықтарын қайта өңдеу және дайын өнім шығару бойынша маманданған. Кәсіпорын шикізатты қайта өңдеуден бастап дайын өнімді шығару мен қаптауға дейінгі толық өндірістік циклмен қамтамасыз етілген. Оның құрамына ұсақтау-тарақтау және иіру кешендері, инеқадау әдісімен мата өндіру желілері, трикотаж учаскесі, жабын жағу және трафареттік басып шығару желілері, сондай-ақ латекс және нитрил жабыны бар макан әдісімен қолғап өндіру желісі кіреді.
Өндірістік қуат 80 заманауи автоматтан тұрады, бұл айына 300 мың жұп қолғап шығару мүмкіндігін береді, әрі өндірісті миллион жұпқа дейін кеңейту жоспарланған.
Болашақта жобада басқа типтегі қолғаптар мен жеке қорғау құралдарын жергілікті жерде өндіру жоспарланып отыр. Бұл қадам отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға және елдегі тұрақты өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға қосымша үлес болып табылады.