Қарағандыда театр суретшісі Мәлік Байкеновке арналған мемориалдық көрме ашылады

Қарағандыда театр суретшісі Мәлік Байкеновке арналған мемориалдық көрме ашылады

Қарағанды қаласындағы «Алтын ғасыр» галереясында Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының тұңғыш суретшісі, белгілі сценограф Мәлік Байкеновтің рухына арналған мемориалдық көрме өз жұмысын бастайды. Экспозицияға театр қойылымдарына арналған сахналық декорациялардың жұмыс нобайлары, сондай-ақ суретшінің кескіндемелік туындылары енгізілген.

Көрме көрермендерге театр тарихының бір бөлшегіне айналған спектакльдердің сценографиясы қалай дүниеге келгенін, шығармашылық ізденіс пен көркем ойдың қалыптасу үдерісін көруге мүмкіндік береді.

Көрменің ашылуы дүйсенбі, 2 ақпан күні сағат 16:00-де өтеді. Кіру — тегін.

«Алтын ғасыр» галереясының жетекшісі Бибігүл Исполованың айтуынша, көрме кеңістігінде ерекше театрлық атмосфера қалыптастыру көзделген. Осы мақсатта Қарағанды музыкалық комедия театры көрме залына театр креслосын, диваншаны, трюмо мен сахналық шымылдық элементтерін ұсынған.

— Біз көрерменнің көрменің рухын, оның ішкі атмосферасын терең сезінгенін қалаймыз, - дейді Бибігүл Исполова.

Мәлікк Байкенов Қарағанды музыкалық комедия театрында 1973 жылдан бастап еңбек етіп, 1984 жылы бас суретші қызметіне тағайындалған. Шығармашылық жолында ол 100-ден астам қойылымның — опера, балет, драма, оперетта, мюзикл және балалар спектакльдерінің көркемдік безендірілуін жасаған.

Сондай-ақ суретші Қарағанды мен Теміртаудағы өзге де театрлармен тығыз шығармашылық байланыста болып, Сәкен Сейфуллин және К. С. Станиславский атындағы театрлармен, Жас көрермендер театрымен ынтымақтастық орнатқан. Оның сахналық декорациялары Петропавл, Павлодар және Алматы қалаларындағы театр сахналарында да көрермен назарына ұсынылған.

Мәлік Байкенов — бірқатар кәсіби марапаттардың иегері, өнер саласындағы еңбегі үшін жоғары бағаланған тұлға. 2007 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағы берілді.

Мәлік Байкенов 2012 жылдың маусым айында дүниеден өтті. Мемориалдық көрме 10 ақпанға дейін жалғасады.