«Театр жүрекпен сөйлейді»: қарағандылықтарды өмірлік құндылықтар жайлы спектакль премьерасына шақырады

«Театр жүрекпен сөйлейді»: қарағандылықтарды өмірлік құндылықтар жайлы спектакль премьерасына шақырады

Қарағандыда тәуелсіз DAT театры көрермен назарына драматург Әлімбек Оразбековтің пьесасы негізінде сахналанған «Бір түп алма ағаш» спектаклінің премьерасын ұсынады.

Қойылым 5 ақпан күні сағат 19:00-де К. Станиславский атындағы театр сахнасында өтеді. Бұл – адам өміріндегі басты құндылықтар туралы философиялық астарлы әңгіме.

Спектакльдің негізгі нышаны — жалғыз алма ағашы. Тамырынан ажыраған ағаштың біртіндеп қурауы адам мен отбасы, ұрпақ сабақтастығы, рухани байланыстардың үзілуін бейнелейді.

Қойылымның режиссёры — театр қайраткері, DAT театрының жетекшісі Дунай Еспаев. Ерекшелігі сол — спектакльге кәсіби әртістер емес, әртүрлі жастағы, түрлі мамандық иелері қатысқан. Басты кейіпкер Мақсаттың рөлін 11-сынып оқушысы Аңсаған Сәдуақас сомдайды. Жас актер болашақта театр институтына түсуді мақсат етіп отыр.

— Бұл спектакльге табиғи дарыны бар, кезінде актер болуды армандап, түрлі себеппен ол оқуға түсе алмаған адамдарды, сондай-ақ өнерге ұмтылған жастарды әдейі жинадым. Кастинг жарияладық, үміткерлер көп болды. Соның ішінен жеті адамды таңдап алып, актерлік шеберліктің негіздерін үйреттім. Өткен жылдың желтоқсанында қойылымды шағын аудиторияға ұсындық, енді үлкен сахнаға шығуға бел будық, — дейді Дунай Еспаев.

Әлімбек Оразбеков «Бір түп алма ағаш» пьесасын 1990-жылдары жазған. Содан бері бұл шығарма еліміздің түрлі театрларында сахналанып, тіпті фильм де түсірілген. Қойылым оқиғасы бір қазақ отбасында өрбиді. 

Балаларын жалғыз өзі өсіріп, бар ғұмырын арнаған ананың мерейтойына есейген ұл-қыздары жиналады. Алайда уақыт пен тұрмыс туыстарды бір-бірінен алыстатып жіберген. Әркім өз өмірімен әлек, жақындарының жан дүниесіне үңілуге мұршасы жоқ. Кездейсоқ айтылған бір ауыз сөз ескі өкпе-назды қозғап, отбасылық трагедияға ұласады.

Айта кету керек, Дунай Еспаев бұл пьесада бұрын актер ретінде қазақ тіліндегі қойылымдардың бірінде басты рөлді сомдаған. Алайда режиссер ретінде ол туындыға өзіндік көзқарас, жаңа екпін енгізуді мақсат еткен.

— Бұл — бүгінгі өмірдің шындығы. Адамдар бір-бірімен сөйлесуден, сенуден қалды. Туыстық байланыстың әлсіреуі салт-дәстүрдің, рухани сабақтастықтың үзілуіне алып келеді. Күнделікті тұрмыстық мүдделердің соңынан жүріп, адамгершілік құндылықтарды ұмытып барамыз. Ал бір түп алма ағашы — астарлы әңгімеде айтылғандай, бәрінің іргетасы, — дейді режиссёр. — Театр жүрекпен сөйлейді. Бұл — көрерменнің жан дүниесіне жол табудың ең әсерлі тәсілі. Адам жыласа, тазарады. Біз көрерменді өмірдегі ең маңызды құндылықтар туралы ойлануға жетелегіміз келеді.

Қарағандылық тәуелсіз DAT театры бүгінде тұрақты даму үстінде. Ұжым көрерменге заманауи әрі мазмұнды дүниелер ұсынуды мақсат етеді. 

Алдағы жоспарлар қатарында бірнеше жаңа премьера, сондай-ақ Қарағандыда халықаралық театр фестивалін ұйымдастыру бар.