
Қарағандыдағы Урбанистика орталығы өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, 2026 жылға арналған қалалық кеңістіктерді дамыту бағыттарын таныстырды. 2025 жылы Орталық мамандары облыстың бірқатар қаласында — Қарағанды, Балқаш және Теміртауда — жобаларды іске асырып, қоғамдық кеңістіктерді дамытуға, абаттандыруға және аумақтардың визуалды айшықталуына басымдық берген.


Қарағанды қаласында Пришахтинск шағын ауданындағы гүлзар мен Оңтүстік-Шығыстағы «Алаш» аллеясы абаттандырылды. Сонымен қатар қалада екі мурал пайда болды.

Бұл жобалар аясында аллеялар мен гүлзарларды жаңарту, тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру негізгі бағыт ретінде қарастырылды.

Балқаш қаласында Урбанистика орталығы бірнеше көшедегі жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыруға, сондай-ақ 93 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін жаңартуға атсалысты.

Бұдан бөлек, мамандар «МиГ-21» ұшағы орнатылған қалаға кіреберіс аймағын абаттандыру жобасын әзірледі

және «Іле» мен «Қаратал» атты тақырыптық екі мурал салды.

Биыл Балқашта аурухана қалашығы аумағын абаттандыру, сондай-ақ Balkash Tour Fest фестивалі өтетін алаңды көріктендіру жобалары дайындалған.
Жеке бағыт ретінде Қарқаралы мен Балқаштағы туристік аймақтарға арналған дизайн-код әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Бұл құжат демалыс орындарындағы көлеңкелік құрылымдардың, санитарлық тораптардың және сауда павильондарының сыртқы келбетін айқындап, бірыңғай визуалды стиль қалыптастыруды көздейді. Қарқаралы қаласында Урбанистика орталығы көгалдандыру мен шағын сәулеттік формаларды орнатуды қамтитын Тоқтар Әубәкіров атындағы гүлзардың жобасын да әзірледі.
Сондай-ақ өткен жылы Қарқаралыдағы өрт сөндіру бөлімінің аумағын абаттандыру жобасы дайындалды.

Теміртауда 2025 жылы қалалық көркем кеңістікті дамыту аясында бір мурал салынды.

Урбанистика орталығының директоры Валерия Хасуеваның айтуынша, тұрғындар жүргізілген өзгерістерге белсенді түрде оң пікір білдірген.
— Балқашта адамдар жиі келіп, атқарылған жұмыс үшін алғыстарын айтты. Қарағандыдағы «Алаш» аллеясына қатысты да көптеген жылы пікір естідік. Абаттандырудан кейін жаяу жүргіншілер ағынының артқанын байқадық — бұл STRAVA қосымшасының деректерінен де көрініс табады. Әр жоба өзінше күрделі әрі қызықты болды, біреуін бөліп-жарып көрсету мүмкін емес, — деді ол.

Алдағы жылға арналған жоспарлар қатарында мектеп маңындағы аумақтарды абаттандыру, жайлы жаяу жүргіншілер бағыттарын дамыту бар. Бұл жұмыстар Теміртауда, Саран қаласында, Нұра ауданында және Қарқаралыда жүзеге асырылады.