Балық қоры сақталуы үшін: Қарағанды облысының су айдындарында тұншығуға қарсы кешенді шаралар жүргізілуде

Балық қоры сақталуы үшін: Қарағанды облысының су айдындарында тұншығуға қарсы кешенді шаралар жүргізілуде

Қарағанды облысында қысқы кезеңде балықтың жаппай қырылуына жол бермеу мақсатында су айдындарын аэрациялау бойынша маусымдық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Қалың мұз бен қар қабатының салдарынан суға оттегінің түсуі күрт төмендеп, бұл су биоресурстарының тұншығуына әкелуі мүмкін. Осы қауіптің алдын алу үшін қаңтар айынан наурызға дейін мамандар профилактикалық іс-шаралардың тұтас кешенін іске асыруда.

Аталған жұмыстар қамтылған нысандардың бірі — Фёдоров су қоймасы. Бұл су айдынында алабұға, мөңке және тұқы тұрақты мекендейді, сондай-ақ торта, сазан мен шортан да кездеседі. Су қоймасы резервтік мәртебеге ие болғандықтан, мұнда өнеркәсіптік балық аулауға тыйым салынған, алайда әуесқойлық негіздегі балық аулауға рұқсат етілген.

Суды оттегімен қанықтыру үшін мамандар мұзды бұрғылау арқылы арнайы ойықтар жасап, аэрациялық қондырғылар орнатып, су сапасына тұрақты мониторинг жүргізеді. 

Қыс мезгілінде су айдындарындағы мұздың қалыңдығы бір метрге дейін жететіндіктен, әрбір 100 шаршы метр аумаққа орта есеппен 20–30 ойықтан жасалады. Ойықтардың саны артқан сайын балық ресурстарын сақтап қалу мүмкіндігі де соғұрлым жоғарылай түседі.

— Қысқы кезеңдегі негізгі міндет — балықтың қырылуына жол бермеу. Бөгде иістерден таза, мөлдір су су айдынының қолайлы экологиялық жағдайын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Осындай тұншығуға қарсы жұмыстар облыстың өзге де су нысандарында жүйелі түрде жүргізіліп келеді, — деді Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы жедел тобының жетекшісі Батыр Қорықбаев.

Мамандар әсіресе ағысы жоқ учаскелерге ерекше назар аударып отыр. Қатты аяз кезінде мұндай аймақтарда судың толықтай қатып қалу қаупі жоғары. 

Сонымен қатар ойықтарға қамыс орнату тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Бұл тәсіл ауа алмасуын жақсартып, су айдынындағы газдардың сыртқа шығуына мүмкіндік береді.

Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Абай Әлжановтың айтуынша, қамыс ойықтардың толық қатып қалуына жол бермей, оттегінің суға үздіксіз түсуін қамтамасыз етеді. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, суда оттегінің мөлшері бір литрге шаққанда кемінде 9 миллиграмм болуы тиіс. Бұл көрсеткіш су жануарларының тіршілік етуіне тікелей әсер етеді.

Жергілікті балықшылар да өңірдегі су айдындарында балық қорының жеткілікті екенін растайды. Қарағанды қаласының тұрғыны Бабек Махмудов демалыс күндері Фёдоров су қоймасына жиі келетінін айтып, көбіне 3–4 килограмм көлемінде балық аулап қайтатынын жеткізді.

Жалпы Қарағанды облысында жергілікті маңызы бар 179 су айдыны және республикалық маңызы бар екі су қоймасы бар. Олардың 104-і табиғат пайдаланушылардың қарамағында, бұл нысандарда тұншығуға қарсы іс-шаралар өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі бойынша