
Қарағанды қаласында 1 ақпанда заманауи әуен мен опера классикасын ұштастырған хор музыкасының концерті өтеді. Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының солистері, хоры мен оркестрі өнер көрсетеді.
Концерт екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде көрермендерге заманауи бағдарлама ұсынылады: халық әндерінің жаңа өңдеулері, джаз және ХХ–ХХІ ғасырлардағы эстрадалық музыка орындалады. Атап айтқанда, «Смуглянка», «Арыстан патша» мультфильмінің музыкасы, сондай-ақ британдық композитор Боб Чилкоттың джаз мессасы шырқалады. Дирижерлік пультте театрдың хормейстері Денис Федулов, концертмейстер – Евгений Лубков.
«Жарқын дауыстар мен ерекше аранжировкалар тыңдармандарға жаңа музыкалық әсер сыйлайды», – деп атап өтті театр ұжымы.
Екінші бөлімде хор оркестрмен бірге өнер көрсетіп, қазақ және шетел операларынан салтанатты хор көріністерін орындайды. Бағдарламада Верди, Чайковский, Бизе, Рахманиновтың, сондай-ақ Перголези, Форе және Леонкаваллоның шығармалары бар. Дирижер – Алексей Гусак, бас хормейстер – Наталья Кряжева. Концертке халықаралық байқаулардың лауреаттары Маржан Буланова, Денис Кудряшов және халықаралық фестивальдердің дипломанты Дарья Пивень қатысады.
Концерт 17:00-де басталады.