Алпыс жылдық тарих: Қарағандының № 3 автопаркі мерейтойын атап өтуде

Алпыс жылдық тарих: Қарағандының № 3 автопаркі мерейтойын атап өтуде

Қарағанды облысындағы ең ірі жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын — № 3 автопарк құрылғанына 60 жыл толуына орай мерейтойын атап өтуде. 

Алпыс жыл бұрын кәсіпорынның алғашқы автобустары желіге шығып, жолаушы тасымалын бастаған болса, бүгінде 400-ден астам автобус күн сайын Қарағанды қаласы мен оған іргелес қалалар мен елді мекендерде тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етіп отыр.

№ 3 автопарк өңірдегі жолаушы тасымалы көлемі бойынша көшбасшы саналады. Кәсіпорында 1500-ден астам қызметкер еңбек етеді, олардың жартысына жуығы — жүргізушілер. 

Қалалық, қала маңындағы және облысішілік қалааралық бағыттарда 450-ден астам автобус қызмет көрсетеді. Тек 2025 жылдың өзінде кәсіпорын 64 миллионнан астам жолаушыны тасымалдады.

Кәсіпорын тарихы 1966 жылдың қаңтар айында Қарағанды авторемонт зауытының базасында бастау алды. Сол кезеңде небәрі екі маршрутта 10 автобус қана жолаушыларға қызмет көрсетті.

Өткен жылдар ішінде меншік нысандары, маршруттар мен техникалық парк бірнеше мәрте жаңарғанымен, кәсіпорынның негізгі міндеті — халықты қолжетімді әрі үздіксіз қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету — өзгеріссіз қалды.

Бүгінде автопарктің өндірістік құрылымын Қарағанды қаласының әртүрлі аудандарында, сондай-ақ Ақтас кенті мен Шахтинск қаласында орналасқан жеті автоколонна құрайды. 

Әрбір базада толыққанды өндірістік қызмет жүргізуге қажетті инфрақұрылым қалыптастырылған: тұрақ орындары, жөндеу және техникалық қызмет көрсету аймақтары, асханалар, жанармай құю бекеттері, жуу кешендері бар. Өндірістік үдерістердің басым бөлігі механикаландырылған.

Жылжымалы құрамды жүйелі жаңарту жұмыстары 2019 жылдан бастап қарқын алды. Соңғы бес жыл ішінде кәсіпорын 320 жаңа автобус сатып алып, бұл жалпы автопарктің 70 пайыздан астамын құрады. Тек өткен жылы қалалық және қала маңындағы бағыттарға 75 автобус, ал Шахтинск қаласына қосымша 10 автобус жеткізілді.

— Бұл автобустар — кондиционерлермен, бейнебақылау жүйелерімен және белсенді қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған заманауи 12 метрлік көліктер. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін пандустар, арбаларға арналған алаңдар мен арнайы орындықтар қарастырылған, — деп атап өтті № 3 автопарк директоры Артур Григорян.

Әрбір автобус желіге шығар алдында міндетті түрде техникалық және санитарлық тексеруден өтеді. Осындай бақылау көлік базаға оралғаннан кейін де жүргізіледі. Көліктер күн сайын автоматтандырылған жуу жүйесінен өтіп, салон ішінде ылғалды тазалау жүргізіледі. Кәсіпорын қарамағында 10 қолмен жуу бекеті мен тоғыз автоматтандырылған желі бар. 2024 жылы жабдықтар жаңартылғаннан кейін жуу уақыты төрт минутқа дейін қысқарды.

Кәсіпорын инфрақұрылымды дамытуға да басымдық беріп келеді. Соңғы кезеңде қазандық пен автожуу жаңғыртылып, қызметкерлерге арналған спорт кешені салынды.

Автопарктің басты құндылығы — оның еңбек ұжымы. Жылдар бойы кәсіпорында Тасмағамбетовтер, Жақсыбековтер, Цицвиралар, Кульковтар, Жабкиндер, Кзиденовтер және Муллеровтер әулеттері сынды еңбек династиялары қалыптасты. Көптеген қызметкерлер мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталған.

Қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін бассейні мен спорт залдары бар сауықтыру кешені жұмыс істейді. Сонымен қатар жүргізушілер күн сайын рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексеруден өтетін медициналық пункт қызмет көрсетеді. Кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде: автопарк базасында оқу сыныбы жабдықталған, ал Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен бірлесіп бейінді кафедра филиалы жұмыс істейді.

Кәсіпорын қызметінде цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Жолаушылар «Ақылды көлік» мобильді қосымшасы мен bus09.kz сайты арқылы автобустардың қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалай алады. Сондай-ақ автобустар салондарында ONAY! электронды билеттеу жүйесі жұмыс істейді.

— Біздің басты мақсатымыз өзгеріссіз: халық үшін тұрақты, қолжетімді әрі сапалы жолаушы тасымалын қамтамасыз ету. Кәсіпорын қызметінің барлығы осы міндетке бағытталған, — деп түйіндеді № 3 автопарк директоры Артур Григорян.