
2025 жылы Қарағанды облысына 370 мың турист келді. Демалушылар легі 20,8 пайызға өсті. Өңірде туризм саласында 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Сала дамуына бағытталған Жол картасы әзірленіп, онда инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілді.
Туризмді дамытудағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Үкімет отырысында баяндады.

– Өңірдің негізгі туристік орталықтары ретінде Балқаш пен Қарқаралы курорттық аймақтары айқындалды. Мониторингтік топтар барлық 148 демалыс аймағы мен 26 жағажайды тексерді. Туристік орындарды, жағажайларды, медициналық пункттерді, санитарлық-гигиеналық тораптарды абаттандыру жұмыстары күшейтілді, полиция қызметкерлерінің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылып, 70 кәсіби құтқарушы даярланды. Қарағанды облысында туризмді дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленді, облыстық туризм басқармасы, сондай-ақ Балқаш қаласының туризм және спорт бөлімі құрылды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аумағы 14 гектарды құрайтын Balkhash турбағытының индустриялық аймағында 2026–2028 жылдары екі қонақүй салу жоспарланып отыр.
Облыста 104 жол бойындағы сервис нысаны жұмыс істейді. Биыл сегіз жанармай құю станциясын және бес санитарлық-гигиеналық торап салу көзделген, сондай-ақ жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту үшін алты жер телімі берілді.

Қарқаралы ауданындағы «Бұғылы» рекреациялық аймағында бизнес нысандарын орналастыру үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы басталды. Сонымен қатар Балқаш қаласындағы Бертіс шығанағы аумағында инженерлік желілерді дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Торанғалық туристік кентіне дейін магистральды су құбырын салу және Балқаш жағалауын абаттандыру жалғасып жатыр.
Балқаш әуежайын кешенді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта жабдықтар сатып алынып, Астана және Алматы қалаларымен әуе қатынасын ашу жоспарлануда.

Жұмыс жалғасуда: биыл екі капсулалық-модульдік құтқару станциясын орнату, Балқаш қаласындағы құтқару станциясын жөндеу, 43 су қорғау белгісін орналастыру және төрт айлақты жабдықтау жоспарланған.