Тұрғын үй, жолдар және инвестициялар: Абай ауданының жыл қорытындысы

Тұрғын үй, жолдар және инвестициялар: Абай ауданының жыл қорытындысы

Қарағанды облысының Абай ауданында өткен жылы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, көппәтерлі тұрғын үй салынды, су құбыры желілері жаңартылды және инвестициялық бастамаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасалды. Жыл қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспарлар туралы аудан әкімі Сәбит Оспанов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Басты басымдық тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен қолайлы орта қалыптастыруға берілді. Осы бағытта өткен жылы ауданда сегіз медициналық мекеме бой көтерді.

Тұрғын үй құрылысы да жүйелі түрде жалғасты. «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы аясында Абай қаласында 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Абай қаласы мен Топар кентінде жеке құрылыс салушылардан 130 дайын пәтер сатып алынды. Тұрғын үйлерді бөлу «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде ауданның 47 тұрғыны жаңа пәтер кілтін алды.

Сонымен бірге, Абай қаласы мен Топар кентінің орталық көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту аясында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Мичурин ауылдық округіне қарасты Садовое және Ягодное ауылдарында жалпы ұзындығы 7 шақырым су құбыры желісі пайдалануға берілді. Шалғайдағы елді мекендерде ауыз судың сапасын арттыру мақсатында бес кешенді су тазарту модулі орнатылды. Сонымен қатар, Дубовка ауылындағы су бұру жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды.

Жылумен қамту саласында да нақты қадамдар жасалды. Южный кентінде блокты-модульді қазандық сатып алынды, Жартас ауылын жылумен қамтамасыз ететін Qarmet модульді қазандығы іске қосылды. Ал Абай қаласында барлық сорғы станцияларындағы жабдықтар жаңартылды.

Қоршаған ортаны қорғау бағытында Абай қаласында сұрыптау желісі бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынды. Қала аумағына мыңнан астам жаңа контейнер орнатылып, аудан бойынша 52 заңсыз қоқыс орны жойылды.

Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 42 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізілді. Оның ішінде ұзындығы 5 шақырымды құрайтын Қызыл кентіне апаратын кірме жол жаңартылды. Сондай-ақ Дубовка, Мичурин және Көксу ауылдық округтеріндегі жолдар қалпына келтірілді.

Ағымдағы жылға 140 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін үш инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Маңызды жобалардың бірі — Абай қаласында «Alisha Group» ЖШС-нің толық циклді ет өңдеу кәсіпорнын салу. Кәсіпорын жылына 2 мың тоннадан астам ет өңдеп, өнімді экспортқа шығаруды көздейді.

— Ет өңдеу кәсіпорнын іске қосуды биыл жоспарлап отырмыз. Бұл жоба аудан экономикасын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құру тұрғысынан ерекше маңызға ие, — деді аудан әкімі Сәбит Оспанов.

Сонымен қатар, алдағы кезеңде егіс алқаптарын ұлғайту және туризм саласын дамыту көзделіп отыр. Атап айтқанда, биыл Шерубай-Нұра су қоймасының сол жағалауы бойындағы жолды жөндеу жоспарланған. Қызмет түрлерін кеңейте отырып, туристік нысандарды салу және қайта жаңғырту бойынша алты инвестициялық жоба әзірленді.