Осакаров ауданындағы Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері 102 жасқа толды

Осакаров ауданындағы Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері 102 жасқа толды

Бүгін, 21 қаңтарда Осакаров ауданында Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері Анна Котова 102 жасқа толып отыр. Ғасырдан асқан мерейтой иесін туған күнімен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен аудан тұрғындары арнайы келіп құттықтады.

Анна Котова Воронеж облысында дүниеге келген. Соғыс басталған жылдары ол қатарластары секілді майданға өз еркімен аттануға бірнеше рет өтініш білдіргенімен, жасы жетпеуіне байланысты әскери комиссариат оны әскер қатарына қабылдамай қояды. Дегенмен табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында 1943 жылы Анна Котова 2-Украина майданының 065-эвакуациялық госпиталіне медбике болып жіберілді.

Майдан даласында ол жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетіп, адам өмірін сақтауға бар күшін салды. Анна Котова ұрыс қимылдарына 1943 жылғы 13 мамырдан 1945 жылғы 9 мамырға дейін 2-Украина майданы құрамында қатысты. Соғыс аяқталғаннан кейін де қызметін жалғастырып, әскери бөлім Венгрия аумағында орналасқан кезеңде ғана, 1946 жылдың маусымында демобилизацияланды.

Ерлігі мен адал қызметі үшін Анна Котова «Отан соғысы» орденінің II дәрежесімен, «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Украинаны фашистік басқыншылардан азат еткеніне 60 жыл» медальдарымен, «Санитарлық қызметтің үздігі» әскери белгісімен, сондай-ақ бірқатар мерейтойлық ордендер және медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін Анна Котова еңбек жолын бейбіт өмірде жалғастырып, зейнеткерлікке шыққанға дейін Осакаров ауданының денсаулық сақтау мекемелерінде қызмет етті.