
Қарағандыда қала маңындағы бағыттарға 20 жаңа автобус жолға шықты. Қоғамдық көліктерді №3 Қарағанды автопаркі жаңартты. Жаңа автобустар №107, 121, 122, 127, 146 және 165 бағыттарында қатынайды.

Автобустар Саран қаласындағы QazTehna зауытында өндірілген. Бұл — үлкен сыйымдылықтағы көлік: әр автобустың ұзындығы 12 метр. Салонда 37 отыратын орын қарастырылған, ал жалпы сыйымдылығы — 60 жолаушыға дейін.
Барлық автобустар аялдамалар туралы ақпарат көрсететін электронды таблолармен, сондай-ақ ONAY! жүйесі арқылы жолақы төлеуге арналған терминалдармен жабдықталған.
Жеткізілім №3 автопарктің ірі тапсырысының бір бөлігі болды. Өткен жылы тасымалдаушы зауыттан 75 жаңа автобусқа тапсырыс берген. Оның 55-і 2025 жылдың қазан айында жеткізіліп, қалалық және қала маңындағы бағыттарға бөлінген. Қалған 20 автобус қазіргі уақытта автопаркке келіп, қала маңындағы бағыттарға жіберілді.

— Қазіргі таңда барлық бағыттар автобустармен толық қамтамасыз етілген. Бұған дейін қала маңындағы бағыттарда сәл ескілеу көліктер пайдаланылған, енді олардың орны жаңа автобустармен алмастырылды. Жылжымалы құрамды жаңарту қала әкімдігінің талаптарына сәйкес жүргізілуде, — деп хабарлады №3 автопаркінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ автопарк өкілдері жолаушыларды қоғамдық көлікке ұқыпты қарауға, салонда тамақ ішпеуге және қоқыс қалдырмауға шақырды.