
Қарағандыдағы «Алтын ғасыр» өнер галереясында көзі көрмейтін және нашар көретін балалардың «Қалам ұшындағы әлем» атты көрмесі өтеді. Бұл тек суреттер көрмесі емес — ерекше білім қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін көрсетуге арналған әлеуметтік жоба.
Экспозицияға қойылған барлық туындылар №1 арнайы мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің жұмыстары. Мектептегі «Таңғажайып шеберхана» үйірмесінде балалар сурет салып, мүсіндеумен айналысып, қолданбалы өнердің түрлі техникасын үйренеді.
— Көпшілігі бұрын көрген, бірақ әртүрлі себептермен көру қабілетін жоғалтқан балалар. Олар түстерді есте сақтайды және айта алады: «Бұл қызыл болады, ал мынау сары» деп. Біз сурет салу үшін Брайль қарпіне арналған арнайы қарындаш қолданамыз. Балалар шаблон бойынша контурды сызады, парақты аударғанда артында рельеф пайда болады, оны саусақпен «оқуға» болады. Суреттерді гуашьпен, арнайы губка арқылы ағаш таяқшамен бояйды, — дейді бейнелеу өнері мұғалімі Гүлжан Аймақова.
Көрме инклюзивті білімге және ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық дамуына қоғам назарын аударуды мақсат етеді.
Жас суретшілерді қолдауға ниет білдірушілерді 23 қаңтарда сағат 11:00-де «Алтын ғасыр» галереясына (Комиссарова көшесі, 35а) шақырады. Көрме 28 қаңтарға дейін жалғасады.