
Қарағанды облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты қарқынын сақтап отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде негізгі барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты. Облыс экономикасының өсімі 5,4%-ды құрады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6%-ға ұлғайып, 4,9 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі жетекші рөл атқарып, бұл секторда өндірілген өнім көлемі 3,8 трлн теңгені құрады. Аталған көрсеткіштер экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру бағытының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте 2025 жылдың қорытындылары қаралып, 2026 жылға арналған басым міндеттер айқындалды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкеновтің айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі өсім металлургия саласының есебінен қамтамасыз етілді. Бұл саланың өңдеу секторындағы үлесі шамамен 64%-ды құрайды.
– Сонымен қатар бірқатар салаларда айтарлықтай өсім тіркелді. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп өнім көлемін 2,1 есеге арттырды, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 1,3 есеге, фармацевтика мен химия өнеркәсібі 1,2 есеге өсті. Машина жасау, қағаз өнімдерін шығару, тамақ өнеркәсібі және құрылыс индустриясында да оң динамика байқалады, – деді басқарма басшысы.
Ол сондай-ақ өңірде болат, шойын, прокат және мыс өндіру көлемі артқанын атап өтті.
Тау-кен өндіру саласында өндіріс көлемі 7,4%-ға өсті. Бұл көрсеткіш көмір мен металл кендерін өндірудің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген.

Өңірде инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде сақталуда. 2025 жылы негізгі капиталға шамамен 1,4 трлн теңге инвестиция салынды. Қаржының басым бөлігі өнеркәсіп, энергетика, көлік инфрақұрылымы, құрылыс және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталды. Жыл ішінде өнеркәсіп саласында жалпы құны 279 млрд теңгеден асатын 28 инвестициялық жоба іске қосылды.
Аграрлық секторда 31 жоба жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығында ет, сүт және жұмыртқа өндіру көлемінің тұрақты өсімі байқалады.
Құрылыс саласы да жоғары қарқынмен дамуда. Өткен жылы облыста шамамен 597 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа пәтер ел игілігіне ұсынылды.
Сонымен қатар көлік және сауда салаларында да өсім тіркеліп, өңір экономикасының әртараптандырылған құрылымы нығая түсті.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, қол жеткізілген нәтижелер алдағы кезеңде экономиканың одан әрі өсуіне берік негіз қалайды.
– 2026 жылы экономика өсімін кемінде 7% деңгейінде қамтамасыз ету міндеті тұр. Инвестиция көлемін шамамен 1,9 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта да негізгі басымдық өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндірістерді іске қосуға және кәсіпкерлікті қолдауға беріледі. Азық-түлік өнімдері өндірісін ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылданады. Сауда саласында электронды сауда алаңдарының нарығын кеңейтеміз. Барлық жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етіп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуіміз қажет, – деді өңір басшысы.