Қарағандыда Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасында жаңа шағынаудан пайда болады

Қарағандыда Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасында жаңа шағынаудан пайда болады

Қарағандыда Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасындағы аумақта жаңа шағынаудан қалыптасып жатыр. Бұл – қаланы дамытудың ең ауқымды жобаларының бірі. Құрылыс кешенді түрде жүргізілуде: тұрғын үйлер бірден әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылыммен қатар салынуда.

Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыру идеясы жарты ғасырдан астам уақыт бойы талқыланып келген, бүгінде осы жоспар нақты іске асырылып отыр. Қазіргі таңда 26 тұрғын үй бой көтерген, жыл соңына дейін тағы сегіз үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

– Қаланың жаңа ауданы – бұл жай ғана құрылыс емес, әлеуметтік, инженерлік және көлік логистикасы жан-жақты ойластырылған заманауи қалалық кеңістік, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандыны дамыту мәселелеріне арналған кеңесте. – Тұрғын сектордан бөлек, 72 гектар аумақта ірі спорттық кластер салынады: әмбебап арена, Мұз сарайы, жеңіл атлетика манежі, 12 мың көрерменге арналған UEFA санатындағы стадион және Футбол академиясы. Академияның құрылысы жекеменшік инвестициялар есебінен басталып кетті. Сонымен қатар төрт мектеп, сегіз балабақша, үш емхана және заманауи сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы жоспарланған.

Жаңа шағынауданда табиғи ландшафты сақтай отырып, абаттандырылған эко саябақ салынады.

Жобаның маңызды бөлігі – ұзындығы алты шақырым болатын жаңа автожол. Ол Майқұдық пен Оңтүстік-Шығысты байланыстырып, қолданыстағы магистральдің жүктемесін азайтады. Жолдың бір бөлігі қазірдің өзінде салынған, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар инженерлік желілер де қатар тартылып жатыр.

Қала әкімі Мейрам Кожухов тұрғын үй құрылысына қатысты мәліметтерді келтірді: өткен жылы Қарағандыда 475 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жеке құрылыс салушылар 33 көпқабатты тұрғын үй кешенін тапсырды.

Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға 537 пәтер берілді. Биыл жаңа құрылыс пен тұрғын үйді сатып алу есебінен шамамен 1 200 пәтерді бөлу көзделіп отыр.

Өңір басшысы сондай-ақ жұмысшы жастар үшін жеке шешімдер пысықталып, олардың тұрғын үй бағдарламаларына қатысу аясын кеңейту қажет екенін атап өтті.