
Қаладағы бейнедомофондар арқылы іздеуде жүрген адамдарды анықтау, жол апатысыз интеллектуалды қиылыстар және Apple Store принципі бойынша жұмыс істейтін жаңа форматтағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО) бүгінде сынақтан өтіп жатыр. Болашақта бұл жобаларды бүкіл ел бойынша кеңейту жоспарланып отыр. Қарағанды облысында цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері ҚР Премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің қатысуымен өткен жиында талқыланды.

Негізгі тақырыптар – телекоммуникация мен киберқауіпсіздікті дамыту, IT-хабтардың жұмысы, ХҚО реформасы, сондай-ақ smart-city және smart-өңірлер жобалары болды.
Президент Жолдауында жасанды интеллектті кеңінен енгізу және толық цифрландыру міндеті қойылған. Қарағанды облысы бүгінгі таңда жаңа технологияларды тәжірибелік тексеруден өткізетін пилоттық алаңдардың бірі болып отыр. Аймақта қоғамдық қауіпсіздік, көлік, қалалық инфрақұрылым және деректерді басқару саласында нақты уақыт режимінде цифрлық шешімдер қолданылады.

Қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің негізін 4 мың бейнебақылау камераларының желісі құрайды. Жүйеге жылдамдық өлшегіштер, интеллектуалды қиылыстар және смарт жаяу жүргінші өткелдерін қоса санағанда, 180 аппараттық–бағдарламалық кешен кіреді. Қарағанды мен Теміртауда 22 «Аргус-жаяу жүргінші» кешендері жұмыс істейді: нейрожелі жаяу жүргінші өткелінен өту кезіндегі бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеп, материалдарды полицияға жібереді. Жүйе орнатылғаннан кейін аталмыш учаскелерде жаяу жүргіншілер қатысатын жол апаты тіркелген жоқ.

Бет-әлпетті тану жүйесі де дамып келеді, ол ІІМ мен КИРЭБ іздеу базаларымен біріктірілген.
– Аймақта бет-әлпетті тану функциясы бар шамамен 100 камера жұмыс істейді. Өткен жылы олар 268 іздеуде жүрген адамды анықтады. Бастапқыда камералардың көбісі жалпы бейнебақылау үшін ғана орнатылып, ауқымды түрде бет-әлпетті тануға жарай бермейтін. Шешім ретінде қаладағы бейнедомофондарды қолдануды ұсынамыз – олар орнату орны мен бұрышы бойынша оңтайлы. Пилоттық жоба екі тұрғын үй кешенінде іске қосылды және биыл қоғамдық қауіпсіздікті тиімді әрі үнемді күшейтудің жылдам тәсілі ретінде кеңейтіледі, - деді Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында да ірі өзгерістер күтілуде. ХҚО-лардың философиясын түбегейлі өзгертіп, қайта жобалау жоспарланған – назар процеске емес, нәтиже бағытында шоғырланады. Жаңа тәсілді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев таныстырды.

– Азамат қызмет алу үшін емес, өзінің өмірлік жағдайын шешу үшін келуі керек. Көп жағдайда бұл – оператордың қатысуынсыз, өздігінен жасалады. Жаңа модельдің басты элементі – AlemGPT негізіндегі өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары, қарапайым және көпшілік қызметтерге арналған, – деп атап өтті ол.
Күрделі сұраулар үшін Egov 3.0 планшеттері, цифрлық ассистенттер мен биометрия, сондай-ақ негізгі мемлекеттік жүйелерге қолжетімді жұмыс орындары қарастырылған. Жаңа цифрлық кеңселерде қызмет көрсету аймақтары, кеңесшілер, өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары, ақпараттық экрандар, жұмыс орындары және постоматтар жұмыс істейтін болады. Олардың көмегімен жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, білім туралы құжаттар, апостильденген құжаттар және азаматтық хал актілері берілетін болады. Бұл ХҚО-ларға қайта жүгіну санын азайтуға мүмкіндік береді.
Аймақтық және елордалық деңгейде жүзеге асырылып, басқа өңірлерде ауқымдандыруға ұсынылған жасанды интеллект қолданылатын жобалар жеке таныстырылды.

– Биыл цифрландыру мен ЖИ-ден күтілетін нәтиже ерекше жоғары, және оның барлығы үшін қажетті жағдай жасалған. Елде суперкомпьютерлік қуаттар, білім беру бастамалары және деректермен жұмыс жасауға бағытталған жүйелі тәсілдер бар. Бұл орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасындағы жүйелі өзара әрекеттестікке негіз болып отыр, – деді Жаслан Мәдиев.

Қарағанды облысының әкімі Ермаганбет Бөлекпаев аймақтағы цифрландыру жұмыстары жалғастырылатынын атап өтті.
– Барлық ұсынылған шешімдер мұқият қаралып, іске асырылатын болады. Бірлескен жұмыс халықтың өмір сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді облыс басшысы.