
Қазақстанның Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Сапар барысында цифрлық трансформация, IT-индустрияны дамыту және жасанды интеллект технологияларын экономикa мен аймақтық мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу мәселелері қаралды.

Сапар барысында ведомство басшысы елдегі жетекші инженерлік компаниялардың бірі – KAZPROM AVTOMATIKA компаниясының жұмысымен танысты. Кәсіпорын ірі өнеркәсіптік компанияларға автоматика, энергетика және өнеркәсіптік IT саласында кешенді шешімдер ұсынады. Олар жобалау мен IT-жүйелерді енгізуден бастап жабдық жеткізу, инженерлік қызмет және сервистік қызмет көрсетуге дейін толық цикл қызметін жүзеге асырады.
Компанияның техникалық директоры Дмитрий Лепехов Қарағанды мен облысқа арналған жаңа цифрлық шешімдерді таныстырды. Оның негізгі бастамаларының бірі – біріккен қалалық диспетчерлік орталық құру болды.
– Біз қаланың диспетчерлік орталығын құруды ұсынамыз. Бірінші кезеңде коммуналдық қызметтерді тұтынуды оңтайландыру және қызмет көрсету мәселесі жүзеге асырылады. Бұл – су, көшелерді жарықтандыру, жылумен қамтамасыз ету – әрбір тұрғынға тікелей қатысты барлық салалар. Бұл біріккен диспетчерлік орталық болады, онда өнеркәсіпте сәтті қолданылып жүрген шешімдер интеграцияланады, – деді ол.
Жобаның негізгі идеясы – коммуналдық қызметтердің ашық және тек жеткізушілерге ғана емес, әкімдіктің де бақылауында болуын қамтамасыз ету. Бірінші қадам ретінде компания Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінде пилоттық жобаны жүзеге асырады.
– Жоба өзекті. Егер оны іске қоссақ, республика көлеміне таратуға болады. Өнеркәсіп министрлігімен кейбір мәселелерді пысықтау қажет, – деді Жаслан Мәдиев.

Сапар аясында министр IT-мектеп ашу жоспарланып отырған алаңға да барды. Білім беру бағдарламасы IT-саласының мамандарын басынан бастап даярлауға бағытталған. Оқыту дәстүрлі дәрістер мен мұғалімдерсіз – «тең теңімен» принципі бойынша, жоба жұмысына, геймификацияға және жеке оқыту қарқынына негізделеді.

Тағы бір нысан – Мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы, онда 12-ден 18 жасқа дейінгі оқушыларға арналған қосымша білім беру орталығы TUMO Center ашу жоспарлануда. Жасөспірімдер генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, анимация, 3D-модельдеу, робототехника және басқа бағыттар бойынша тегін оқи алады. Жоба Astana Hub-пен бірлесіп жүзеге асырылады, алғашқы орталық Астанада ашылған.

Жаслан Мәдиев сондай-ақ «Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігіне барды.



IT-компания «Қауіпсіз қала», «Ақылды қала», «Цифрлық полиция», «Цифрлық учаскелік полицей», Ұлттық бейнебақылау жүйесі және «Қауіпсіз мектеп» жобаларына қатысады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев өңірде цифрлық трансформация бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Жолдауында стратегиялық мақсат – Қазақстанды жасанды интеллект енгізу арқылы цифрлық мемлекетке айналдыру екенін белгіледі. Бүгін бізге экономикалық жүйеге және басқару жүйесіне тиімді интеллектуалды өнімдерді кеңінен енгізу міндеті қойылып отыр. Облыста Цифрлық трансформация картасы және Ақылды қалаларды дамыту стратегиясы бекітілді. Біз жасанды интеллект агенттерін көбейтуге емес, басқарудың тиімділігін арттыруда нәтиже беріп жүрген нейрондық желілер мен аналитикалық модельдерді тәжірибеде қолдануға басымдық беріп отырмыз, – деді облыс әкімі.