
Қарағандыда қалалық автобустарда орналастырылған QR-кодтар арқылы электронды кітаптарды 30 915 тұрғын оқыған. «Жол үстіндегі кітапхана / Книги в дорогу» акциясының нәтижелері туралы қала әкімдігі хабарлады.
Жоба 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қоғамдық көлікте орналастырылған QR-кодтар жолаушыларға отандық және әлемдік әдебиеттің таңдаулы туындыларымен тегін танысуға мүмкіндік береді әрі оқуға деген қызығушылықты арттыруды көздейді. Қазіргі уақытта QR-кодтар 13 бағытта қатынайтын 60 автобусқа енгізілген. Атап айтқанда, бұл — 1, 40, 43, 53, 33, 118э, 146э, 56, 70, 5, 65, 41 және 19 бағыттары.
Автобустардағы электронды кітап қоры үш негізгі бөлімнен тұрады: қазақ, орыс және шетел әдебиеті. Іріктеу кезінде ұйымдастырушылар түрлі жас санатындағы және әртүрлі кәсіби ортадағы оқырмандардың қызығушылығын ескеруге тырысқан. Жолаушыларға ұсынылған шығармалар қатарында Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» («Серый лютый»), Абай Құнанбаевтың «Ескендір», Александр Пушкиннің ертегілері, Артур Конан Дойлдың «Затерянный мир» романы және өзге де белгілі туындылар бар. Жалпы алғанда, QR-кодтар арқылы қазақ әдебиетінің 21 шығармасы, шетел авторларының 14 еңбегі және орыс жазушыларының 6 кітабы қолжетімді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының электронды кітапханасы — КазНЭБ деректеріне сәйкес, жоба іске асырылған кезеңде шығармаларды қарау саны 30 915-ке жеткен. 2026 жылғы 6 қаңтардағы мәлімет бойынша ең көп оқылған туындылар қатарында Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы (20 916 қаралым), Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» (5 343 қаралым) және Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы (3 591 қаралым) бар.
Қала әкімдігінің мәліметінше, «Жол үстіндегі кітапхана» жобасы қоғамдық көлікті тек қатынас құралы ғана емес, рухани әрі зияткерлік кеңістікке айналдыруды мақсат етеді.