
Қарағандыда 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік концерттер өтеді және Жаңа жылдық отшашу болады. Мерекелік шаралар әр ауданда ұйымдастырылып, тұрғындарға бірқатар қызықты бағдарламалар ұсынылады.
Орталық саябақтың алаңындағы сахнада 23:50-де Қазақстан Президентінің Жаңа жылдық құттықтауы тікелей эфирде көрсетіледі. 00:10-да диджей Style-діғ қатысуымен Жаңа жылдық би кеші басталады. Ал 01:00-ден 03:00-ге дейін Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.
Мерекелік шаралар қаланың басқа аудандарында да ұйымдастырылмақ. 00:30-дан 03:00-ге дейін Жаңа жылдық бағдарламалар Майқұдық саябағында, Сұрыптаудағы Теміржолшылар мәдениет сарайы алдындағы алаңда, сондай-ақ Пришахтинскідегі «Жас Отан» мәдениет үйі алаңында өтеді.
Жаңа жылдық отшашу Қарағандының бес ауданында атылады. Біріншісі түн ортасында Оңтүстік-Шығыс ауданындағы ту тұғыры алаңында жарқырайды. 01:00-де салют Орталық саябақта, жағалауда және Майқұдықтағы Қазақстанның 50 жылдық саябағынан тамашалауға болады. 02:00-де отшагу Пришахтинскідегі «Жас Отан» мәдениет үйі алдында және Сұрыптауда Теміржолшылар мәдениет сарайы маңында жарқырайды.