
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй мәселесіне қатысты болды.

Қабылдау барысында Қарағанды қаласының тұрғыны «Батыс» автожолы бойында орналасқан зират аумағындағы тәртіптің сақталмауына шағымданды. Оның айтуынша, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін аумақты қоршау қажет. Облыс әкімі жауапты қызметтерге аталған мәселені жан-жақты зерделеп, бақылауға алуды тапсырды.
Азаматтарға тұрғын үй мәселелерімен қатар жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, сондай-ақ Мансап орталығы арқылы жаңа мамандықтар бойынша тегін оқудан өту тәртібі жөнінде де жан-жақты түсіндірмелер берілді.

Түскен барлық өтініштер қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әрқайсысы жеке тәртіппен қаралатын болады.
Жыл басынан бері Қарағанды облысының әкімі 34 жеке қабылдау өткізіп, 283 тұрғынды қабылдады. Көбіне азаматтар тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және денсаулық сақтау мәселелері бойынша жүгінді.
Сондай-ақ Ермағанбет Бөлекпаев облыстың барлық қала және аудандарында тұрғындармен көшпелі кездесулер өткізді.