
Қарағанды облысында қызметкерлердің денсаулығын сақтау және корпоративтік әлеуметтік бағдарламаларды дамыту бағытындағы жұмыстың қорытындысы шығарылды. Облыстық үшжақты комиссияның отырысы өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың, қала және аудан әкімдерінің, еңбек қатынастары мен әлеуметтік саясатқа жауапты кәсіпорын басшыларының, сондай-ақ өңірлік Кәсіподақ орталығы мен салалық кәсіподақ ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өтті.

Qarmet, «Қазақмыс», «Шұбаркөл көмір» секілді ірі өнеркәсіптік компаниялар корпоративтік денсаулық бағдарламаларын белсенді түрде енгізуде. Бұл бағдарламалар тұрақты медициналық тексерулерді, ауысым алдындағы автоматтандырылған бақылауды, ерікті медициналық сақтандыруды, шипажай-курорттық емдеуді, оңалту бағдарламаларын және қызметкерлердің отбасыларын қолдауды қамтиды.
Кәсіпорындарда әлеуметтік кепілдіктердің кең ауқымын көздейтін ұжымдық шарттар бар, өз және серіктес медициналық орталықтар жұмыс істейді, кәсіби және созылмалы ауруларды ерте анықтауға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Кәсіподақ ұйымдары мен әлеуметтік әріптестер бұл жұмысты сауықтыру демалысын ұйымдастыру, шипажай жолдамаларын беру және еңбек жағдайларын жүйелі түрде бақылау арқылы толықтырып келеді.
— Корпоративтік әлеуметтік бағдарламалар қызметкерлердің денсаулығын сақтаудың және кәсіби тәуекелдердің алдын алудың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Еңбекті қорғау жүйелі түрде дамып келеді, техникалық инспекторлар жұмыс істейді, ал қызметкерлердің отбасылары демалып, сауықтыру мүмкіндігіне ие. Дене шынықтырумен және спортпен айналысуға жағдай жасауға, оның ішінде жаппай және корпоративтік іс-шаралар арқылы ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 10 мыңнан астам адам қатысқан 140-тан астам спорттық және мәдени іс-шара өткізілді, — деп атап өтті өңірлік Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков.
Қарағандылық компаниялар республикалық және халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болды. Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының және «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Әлеуметтік жауапкершілікке арналған «Парыз» байқауының жеңімпаздары атанғандар — «Qarmet» АҚ және «РАПИД» фирмасы» ЖШС. Qarmet үздік ұжымдық шарт үшін марапатталды. Оны жасасуда және тау-кен металлургия кешені қызметкерлерінің мүдделерін қорғауда «Жақтау» металлургтер кәсіподағы мен «Қорғау» көміршілер кәсіподағы елеулі рөл атқарды. Ал «РАПИД» компаниясы шағын және орта бизнес субъектілері арасында «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында жеңіске жетті.
Тұрмыстық химия өнімдерін өндіретін WEC Trade компаниясы «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаз атанды. Автобустар мен арнайы техникалар шығаратын QazTehna зауыты «Іскер» арнайы сыйлығын иеленсе, «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауыты ТМД-ның халықаралық сыйлығының лауреаты болды.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі келесі жылы корпоративтік денсаулық бағдарламаларын дамытуды жалғастырып, қызметкерлерге қамқорлықты жүйелі деңгейге көтеру маңызды екенін атап өтті.
— Биыл кәсіподақтармен, әкімдіктермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарылды, оның нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. Дегенмен жаңа тәсілдерді іздеу, кемшіліктерді жою және жұмыс берушілер, қызметкерлер мен кәсіподақтар арасындағы теңгерімді сақтай отырып, алға жылжу қажет. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын, денсаулық, табыс және нәтижелі еңбек тілеймін, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.