Қарағандыда басты жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды

Қарағандыда басты жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды

Қарағандыда жаңа жылдық мерекелерге ресми түрде бастау берілді. Тәуелсіздік алаңында орнатылған еңселі жасыл шырша түрлі-түсті шамдармен жарқырап, қалаға мерекелік реңк сыйлады. Шырша ондаған ойыншық пен гирляндамен безендіріліп, айналасына жарық беретін сәндік инсталляциялар қойылды.

Ертегілік қойылым желісі бойынша мерекелік кешке Қар Ханшайымы, Боран мен Мұз сынды жағымсыз кейіпкерлер кедергі жасауға тырысты. 

Алайда қарағандылықтар мерекелік көңіл күйді сақтап қалды: смартфон шамдарының жарығы мен шынайы күлкі суықты сейілткендей әсер қалдырды.

Кештің шарықтау шегі көптен күткен сәтке ұласты. 

Аяз ата, Ақшақар және 2026 жылдың нышаны — Қызыл Жылқы басты жаңа жылдық шыршаның шамын жағып, жиналған жұртты жүрек түкпіріндегі ең асыл тілегін тілеуге шақырды.

— Алда келе жатқан Жаңа, 2026 жыл құтты болсын, қадірлі қауым! Жаңа жылдық шыршаның нұры қаламызды жарқыратып, әрбір жан жаңа жылға үміт пен қуанышқа толы көңіл күймен қадам бассын. Келер жыл денсаулық, бақ-береке мен ырыс әкелсін. Елімізге тыныштық пен тұрақты даму тілеймін! — деді Аяз ата қала тұрғындарына арнаған құттықтау сөзінде.

Шырша маңына қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, мерекелік атмосфераны бірге сезінді.

Қарағандылық Анар Ысқақова кішкентай қызымен бірге алаңға алғашқылардың бірі болып келіп, келе жатқан Жаңа жылдың ерекше көңіл күйін сезінуге асықты.

— Жаңа жылда баршаға ең алдымен мықты денсаулық тілеймін. Әр шаңырақта қаржылық тұрақтылық орнап, ертеңгі күнге деген сенім нығая түссін. Қалғанының бәрі уақыт өте өз орнын табады, — деді ол.

Тағы бір қала тұрғыны Андрей Иванчук төрт жастағы қызына басты шыршаның шамы жағылған сәттің сиқырын көрсету үшін келгенін айтты. Жарқыраған шамдар, шат күлкі мен балалардың қуанышы кешке ерекше мазмұн берді.

— Жаңа жыл қарсаңында баршаңызға мықты денсаулық, жан жылуы мен болашаққа сенім тілеймін. Әр үйде береке-бірлік, отбасыларда татулық пен қуаныш орнасын. Ал елімізде тұрақтылық, өркендеу мен бейбітшілік болғай. Келер жыл жаңа мүмкіндіктер мен мақтан тұтар жетістіктерге толы болсын, — деп құттықтады ол мереке қатысушыларын.

Мереке соңында әсерлі отшашу атылып, жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.

Жаңа жылдық думан Орталық саябақта да жалғасын тапты. Мұнда желілі мұз айдыны ашылып, шыршаның шамдары жағылды. Сонымен қатар жаңа фото аймақтар мен жарқыраған мүсіндер орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қысқы ертегіге толы кеңістік қалыптасты.

Фото: Александр Марченко