
Астанада Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткен «Еңбек жолы – 2025» республикалық байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Марапат иелері қатарында Қарағанды облысының өкілдері де бар. Шахтинск қаласынан шыққан Волокитиндер әулеті елдегі үздік еңбек династияларының бірі ретінде танылды.
Бұл әулеттің шахтадағы еңбек жолы өткен ғасырдың 1950-жылдарынан бастау алады. Бүгінде Волокитиндер әулетінің үшінші буыны кен өндірісінде еңбек етіп келеді. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 350 жылдан асады. Отбасының 12 мүшесі жұмысшы мамандықтарын таңдаған. Олардың қатарында электрслесарьлар, монтажшылар, ұңғымашылар, табельшілер, қауіпсіздік диспетчерлері мен тау-кен шеберлері бар.

Қазіргі таңда Qarmet компаниясына қарасты Ленин атындағы шахтада бір мезетте әулеттің бес өкілі қызмет атқаруда.

— Еңбек, тәртіп пен жауапкершілік — біздің отбасымызда ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан құндылықтар. Бұл қасиеттер отбасында қалыптасып, жұмыс барысында табиғи түрде жалғасады. Жұмысшы мамандықтары жылында осындай жоғары бағаға ие болу — біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінде жұмысшы кәсіптерінің мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, лайықты бағаланып жатқанын өз тәжірибемізден сезініп отырмыз, — деді Людмила Волокитина.
Тау-кен және құқықтану салалары бойынша екі жоғары білімі бар Людмила Волокитина өндірістік және басқарушылық тәжірибені қатар ұштастырып келеді. Оның ұлдары Данил мен Илья жер астында кенші болып еңбек етеді.
Волокитиндер әулеті туған қаласы Шахтинскіде бірнеше мәрте «Жыл шахтері» сыйлығына ие болған. Сонымен қатар отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанған.
Жыл сайын өткізілетін «Еңбек жолы» байқауы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген жандардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін кеңінен насихаттауға бағытталған.