Жаңғыртудан кейін Балқаш әуежайы тәулігіне 9 әуе кемесін қабылдай алады

Жаңғыртудан кейін Балқаш әуежайы тәулігіне 9 әуе кемесін қабылдай алады

Қарағанды облысында туризмді дамытудың негізгі екі нүктесі айқындалған — Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы. 

Өңірге келетін туристер ағынын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Saryarqa телеарнасына берген сұхбатында айтып берді.

— Балқаш бойынша қазір ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл — кешенді бағдарлама. Әуежайды қайта жаңғырту аяқталуға жақын, келесі жылдан бастап ол толыққанды жұмыс істеп, тәулігіне 8–9 әуе кемесін қабылдай алады. Қаланың жағалауын абаттандыру, жағажай аймақтарына инженерлік инфрақұрылым тарту қолға алынған. Барлық коммуникациялары дайын учаскелер бойынша жаңа демалыс аймақтарын салу үшін аукциондар өткізіліп жатыр. Сондай-ақ Торанғалық елді мекеніне алғаш рет ауыз су жеткізіледі. Онда кәріз жүйесін салу да жоспарланып отыр, — деді өңір басшысы.

Қарқаралыда туризмді дамыту мақсатында «Бұғылы» демалыс аймағын абаттандыру көзделген. Бұл аумақ жыл бойы демалуға арналған туристік аймақ ретінде жоспарланып отыр. Жер көлемі — 75 гектар. Биыл мұнда инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары басталды: электр желілері, кәріз жүйесі және ауыз су құбыры жүргізіледі.

Сонымен қатар биыл Қарағанды — Қарқаралы бағытындағы автожол толықтай жөндеуден өтті. Ал келесі жылы Қарқаралы қаласының ішкі жолдарын жаңарту жоспарланып отыр.