Қарағанды облысында Президент шыршасында 200 бала мерекелік қуанышқа бөленді 

Қарағанды облысында Президент шыршасында 200 бала мерекелік қуанышқа бөленді 

Қарағанды облысында Мемлекет басшысының атынан дәстүрлі Президент шыршасының шамы жағылды. 

Жаңа жылдық мерекеге өңірдің түкпір-түкпірінен 200 бала жиналды. 

Олардың қатарында балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар, сондай-ақ оқу үздіктері мен түрлі байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары бар.

Мерекелік кеште балаларды Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

— Қымбатты балалар! Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұйымдастырылған осы тамаша мерекеде сіздермен бірге болғаныма ерекше қуаныштымын. Мұнда білімде, спортта, шығармашылықта және басқа да салаларда жетістікке жеткен, мақсаткер әрі дарынды балалар жиналып отыр. Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, өздеріңізге сенім, алға қойған мақсаттарыңыздың орындалуын және ең асыл армандарыңыздың жүзеге асуын тілеймін. Жаңа жыл сіздерге қуаныш, жарқын жеңістер мен тың жетістіктер әкелсін! — деді өңір басшысы.

Балалар сүйікті ертегі кейіпкерлерімен бірге қызықты саяхатқа аттанып, ән айтып, би билеп, шеңбер құрып, Аяз атаны шақырып, жаңа жылдық шыршаның шамын жақты. 

Мерекелік бағдарлама ойын-сауыққа, әсерлі қойылымдар мен сиқырлы көріністерге толы болды.

IT-лицейде білім алатын Әмірлан Сұлтанғали мұндай ауқымды шараға алғаш рет қатысқанын айтып, әсерімен бөлісті.

— Осындай керемет мерекеге қатысқаныма өте қуаныштымын. Барлығы ұнады: қойылымдар, ертегі кейіпкерлері, фокустар. Барша балаларға жақсы оқып, білімге ұмтылуды тілеймін, — деді ол.

Жаңа жыл кешінде қар ұшқындары мен ертегі ханшайымдары, батырлар мен самурайлар, қарақшылар мен батыл мушкетёрлер, перілер мен Гарри Поттер бейнесіндегі балалар мерекенің сәнін келтірді.

Өрмекші адам костюмінде келген Біржан Серікбол да тілегін жеткізді.

— Мен отбасымыздағы ең үлкен баламын, үйде мені үш қарындасым мен екі інім күтіп отыр. Олардың бәрін жақсы көремін. Баршаға бақыт пен денсаулық, балаларға — жақсы оқу, ал үлкендерге — ұзақ ғұмыр тілеймін, — деді ол.

Шахтинск қаласынан келген Анжела Гайфуллина №7 зерде дамуы тежелген балаларға арналған мектеп-интернаттың 5-сыныбында оқиды. Би билеуді ерекше жақсы көретін Анжеланың Жаңа жылдағы арманы орындалып, ол «Алиса» смарт-колонкасын сыйға алды.

Мерекенің соңында барлық балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табысталды. Олардың қатарында мектеп рюкзактары, түрлі-түсті энциклопедиялар, тәтті жиынтықтар және «Алиса» смарт-колонкалары бар.