Қарағанды облысында ірі ауыл шаруашылығы кластері қалыптасуда

Қарағанды облысында ірі ауыл шаруашылығы кластері қалыптасуда

Қарағанды облысының Осакаров ауданында «Евразия инвест LTD» ЖШС көпсалалы ауыл шаруашылығы кластерін құру жөніндегі ауқымды жобаны іске асырып жатыр. 

Жобаның жүзеге асу барысы туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа өңір басшысының ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде компанияның құрылтайшысы Иван Георгиади мәлімдеді.

Жоба Қарағанды облысы әкімдігі мен «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен дамуда. Басты мақсат — ауыл шаруашылығын кешенді түрде өркендету, жергілікті өнім өндірісінің көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Кластер бірнеше бағытты қамтиды, нысандардың бірқатары қазірдің өзінде пайдалануға берілген. 

Атап айтқанда, Родниковское ауылында биыл қуаттылығы 10 мың тонна астық сақтауға арналған элеватор іске қосылды. Қазіргі таңда оның қуатын 80 мың тоннаға дейін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мұнда өз өндірісіндегі картопты сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 17 мың тоннаны құрайтын үш заманауи көкөніс қоймасы салынған. SAUMAL құрғақ бие сүтін өндіретін зауыт та тұрақты жұмыс істеп тұр.

Кластердің негізгі әрі стратегиялық нысаны — Жансары ауылдық округінде салынатын 6 мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасы. Қазіргі уақытта жобаның алғашқы кезеңі — 1200 басқа есептелген бөлігі жүзеге асырылуда. Сиыр қорасы мен төлдеу-құрғақ тұру блогындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын: ғимараттар сэндвич-панельдермен жабылып жатыр, келесі кезеңде едендерді бетондау жоспарланған. Сауу-сүт блогында 40 орындық сауу каруселін орнату жұмыстары жүргізілуде.

— Қазіргі таңда барлық назар осы нысанға аударылған. Инженерлік коммуникациялар толық тартылды, инфрақұрылымдық ғимараттар салынды, 230 орындық жатақхана бар. Ауысымдар үшін әкімшілік-тұрмыстық кешен бой көтеруде, асханалар жұмыс істеп тұр. Бүгінде мұнда тәулік бойы шамамен 300 адам еңбек етуде, — деді «Евразия инвест LTD» ЖШС директоры Серік Жүнісов.

Келісімшарттар жасалып, көктем мезгілінде Ресей Федерациясынан голштино-фриз тұқымды сиырлардың алғашқы партиялары жеткізіледі деп жоспарлануда.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты — суармалы егіншілікті дамыту. 2024 жылдан бастап 4800 гектар егістік алқапта заманауи суару жүйелері іске қосылды. Ал келесі жылы суармалы жер көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл тауарлы-сүт фермасын тұрақты жемшөп базасымен қамтамасыз етуге және маржиналды ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін кеңейтуге мүмкіндік береді.

2026–2027 жылдары кластерді одан әрі кеңейту жоспарланған. Ақбұлақ ауылы аумағында кезең-кезеңімен сақтау сыйымдылығы 40 мың тонна болатын, кейіннен 80 мың тоннаға дейін арттырылатын желілік элеватор салу көзделген. Сонымен қатар тәулігіне 300 тоннаға дейін майлы дақылдарды өңдейтін зауыт іске қосылады. Мұнда күнбағыс майы өндірілмек. Қатарынан сағатына 10 тонна өнім өндіретін құрамажем зауыты бой көтеріп, ол элеватор мен май өңдеу өнімдерін пайдалана отырып, фермалар мен құс фабрикаларын жемшөппен қамтамасыз етеді.

Жобаның аясында жылына 10 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін ет бағытындағы құс фабрикасын салу да қарастырылған. Бұл кәсіпорында шамамен 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба өңірді отандық өніммен қамтып, импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.

Аталған жобалардың толық іске асуы болашақ нысандар аумағына «Молодёжный» көмір разрезінің қолданыстағы теміржол тармағынан жаңа теміржол желісін тартумен тығыз байланысты. Теміржол инфрақұрылымын, сондай-ақ энергиямен жабдықтау нысандары мен автомобиль жолдарын салу Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылатын болады.

Жалпы алғанда, жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 600 жаңа жұмыс орны құрылып, салық түсімдері артып, өңірдің логистикалық әлеуеті, соның ішінде теміржол инфрақұрылымы есебінен, айтарлықтай нығаяды.